Азық-түлік тауарлары экспортын реттеу – аса маңызды

467 Views

Президент Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановты қабылдады. Кездесуде Мемлекет басшысына Қазақстанның ДСҰ-ға мүше елдер министрлерінің 12-конференциясына төрағалығының қорытындысы туралы баяндалды. Жиын барысында маңызды шешімдер қабылданған. Атап айтқанда, ДСҰ-ны реформалау үдерісін бастауға және 20 жылдан астам уақытқа созылған балық аулау субсидиялары туралы жаңа келісімді қабылдауға қол жеткізілді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің сыртқы сауданы дамыту және экономикалық интеграция аясында ұлттық мүддені қорғау жұмыстарының нәтижесі ұсынылды.
Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі биылғы 4 айдың ішінде шикізаттық емес тауарлар экспорты былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 33,9 пайызға артып, 5,6 миллиард доллардан 7,5 миллиард долларға дейін өскенін мәлімдеді. Қызмет көрсету экспорты 5,8 миллиард долларға жеткен.
Мемлекет басшысына трансшекаралық хабтар­ды және сауда-логистикалық инфра­құры­лымды өркендету, соның ішінде «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі мен Транскаспий халық­аралық көлік бағыты бойымен дамыту жөнін­дегі жобалардың жүзеге асырылу барысы тура­лы мәлімет берілді.
Сонымен қатар Бақыт Сұлтанов Үкіметтің негіз­гі азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету шаралары жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, 2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамта­масыз ету жөніндегі жоспардың жүзеге асырылуы 2024 жылға қарай импортқа тәуелді негізгі тауарлар бойынша халықты жүз пайыз қамта­масыз етуге мүмкіндік береді.
Кездесу соңында Президент сыртқы сауда қыз­метін жандандыру және шетел нарығындағы Қазақстан өнімдерін ілгерілету жөнінде тапсырма берді. Мемлекет басшысы ішкі нарықты қамта­масыз ету үшін негізгі азық-түлік тауарлары экспортын реттеу қажет екеніне баса мән берді.

AKORDA.KZ

Поделиться ссылкой: