Қасқа биенің құлыны

464 Views

Әркімнің-ақ балғын балалық шағынан ауық-ауық есіне түсіп тұра­тын ерекше көріністі естеліктері болады. Кім де болсаң кей сәтте бәрін ұмытып, қиял қанатымен сол бір тағдырыңның таңындай кезіңе барып қайтқандай боласың. Оның бірі кезінде сенің балалық сезіміңді шат-шадыман шаттыққа бөлеген, кейбіреуі бауырыңды езе елжіреткен де шығар.
Менің туған ауылым Алатаудың бір сілемі – Шал тауының етегінде шығыстан батысқа қарай созыла қоныстанған бау-бақшалы мекен. Ауыл таудағы қара аршаның қалың өскен жеріне тұспа-тұс. Атам ә дегенде-ақ әулетін дәл соған көздеп қоныстандырғандай. Аталмыш таудың басқа жерінде бұл ағаш өспейді. Ауылдан төмен жалпақ белестерде, одан әрірек көсіле серпілген жазықтықтарда егістік алқаптары, ал одан сәл бос жер қалса «менікі» деп қызғалдақтар жайғасқан құйқалы дала, төменірек барып сусыған ыстық сары құмды Мойынқұм жеріне ұласады. Егінді де, қызғалдақты алқапты да қақ бөліп, осы тұнып тұрған табиғатқа түр-түсімен де, тарс-тұрс еткен даусымен де үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ерекше бір шапшаң да асау мінезімен Түрксіб темір жолының күре жолымен поездар тыңыштықты бөле өтеді. Тек дабыл бергендегі созылыңқы даусы осы кербез дала болмысымен үндестігі бардай.
Бұл өлке – дархан даладан ырыс-берекесін терген диханның, төрт түлігімен сай-саласын әнге бөлеген малшының елі. Тауында қара арша мен даласында қызғалдақтың таңдап өскен, ұнатқан жері! Бұл өлке – менің және менің замандастарымның балғын шақтарына куәгер тәтті мекен. Бірде – таудың тылсымға толы өнегесі биік даналығын, бірде – даланың дархан мінезін теліп, өмір деген тағдыр арқалаған сапарға аттандырған құтмекен.
Әсіресе, есімнен көктемі шықпайды! Бұл – ауылға көктем сый-сыяпатын арқалай, артынып-тартынып, ерекше ентелей келетін, көрер көз тоймай қарайтын, сөз жоқ – керемет маусым! Сарқыраған түнгі бұлақ суының әні де, туған елге қайтып келіп жатқан құстардың әні де, төлдеп жатқан төрт түлік малдың әні де, шат-шадыман жанның әні де сонда. Мақпал түндер басталады. Далада ұйықтауға жатсаң, аспан самсап жымыңдаған, сырғып аққан жұлдыздарымен ұйқыңды біразға дейін бермей қояды. Осы әсем де әсерлі табиғаттың менің замандастарымды арман жолдарына аттанарда берген өнегесі көп еді…
Балбыраған жер ана жауһар жаңбырдың нұрын жұтып алып, көк майса қыр мен жазықты бірде сары, бірде күлгін, бірде ақ түстерге бояйды — ай келіп! Ал қызғалдақты шашқанда Ұлы Жібек жолымен өтіп бара жатқан жолаушының кідіріп, аузын ашпайтыны қалмайды! Сырттан келіп, бірінші көріп тұрғандарды айтпағанда, күнде көріп жүрген бізге не жоқ деймін?! Табиғаттың жасандылықтан аулақ, көкірегі ояудың көре алатын тамылжыған көркі деген осы екен ғой! Нағыз мейірімі шексіз Ана табиғат! Мерейлі Ана маусым! Тек Шал тауы ғана шалқайып, көк тіреп, ақ қар, көк мұзын, ғажайыпқа толы жарқабақтарын жарқылдатып, кейде қатал көріне ме өзі – қалай?…
Ауыл адамдары мұндайда қар­ба­лас, мал төлдеп, алды жайлауға беттей бастаған, жер бусанып, егіншілік басталып, дегендей. Кішкентай балалар болсақ та, біздің де «қолымыз тимей жүретін» маусым. Дала кезіп ойнайтын кез, қозы-лақпен жарысатын, жабағы-тай мінетін кезең. Шама-шарқымыз келгендеріміз ата-анамызға қолғабыс танытамыз. «Дәу сай» дейтінбіз, ауылдың тау жағындағы терең сайды. Қарлы шыңдардан асыға жарысып келетін қос бұлақтың арыны саябырлап, суының тоғысатын тұсы да – осы. Ол жер жазы-қысы малға суат, бізге шомылатын тоған. Жағалауында құмдауыты бар, майдай жұмсақ батпағын да әдейілеп кешетінбіз.
Осылай жүргенде атамнан қалған есік пен төрдей торы қасқа бие құлындап, түн айтарлықтай қысқарып, күн әжептеуір ұзара бастаған кезде уақытымыздың көбі сол құлынмен ойнауға кететін. Құлыншақ қандай сүйкімді-ақ, бірде ебедейсіз – шалынып құлардай көрінеді, бірде «ал кеттік» деп бізбен жарысып, аспанға тебіне шабатын! Кейде енесін айнала жүгіреміз, ал бір сәт ұзап кет­сек, енесі оқыранып, «кауіп бар, ұзама!» — дегендей, үрейлі дауыс шығаратын. Ал біз құлын не істесе, соны істейміз деп әлекпіз. Бізді иіскелеп, үйге қа­рай беттегенімізде қимай тұрғандай күй көрсететін де, артымыздан еріп-кідіріп, еріп-кідіріп, «бұлар мені тас­тап қайда барады?» – дегендей қарап тұ­рушы еді. Шаршағандығымызды енді сезініп, кешке анам ұсынған та­мақ­ты аш қасқырша жарыса жеп, сү­ріне құлайтынбыз, әрі қарай ешнәр­сеге шамамыз келмей, батырларша ұйықтайтынымыз содан еді. Есіл дер­тіміз Торы есейіп, тай болса, Шал тауы­ның аңғарларына барып, жабайы өскен жуа терсек, балалармен көкпар тартыссақ дейтінбіз. Бірде есекпен, бірде велосипедпен, кейініректе тай-құлынмен тартатын көкпарға салуға бізде не болушы еді: жыртық етік, жарамсыз тері, ескі тұмақтарды жұл­қи тартып, бөліп тастайтын кезіміз де болатын. Жеңіске деген қиял түсімізде де жалғасатын. Таңертең күн шуағы мазалағанша жатып, қой-қозының дауысы үдегенде оянушы ек…
Бір күні сондай бір таңдағы таза ауада қатар-қатар ұйықтап жатқан біз «Жеңеше, әәәй Жеңеше! Қасқыр! Қасқыр шапты!» — деген дауыстан шошып, тітіркене ояндық. Бұл ауыл шетінде қой төлдетіп жатқан туыс ағамыз екен. Ә дегенде өзі бағып жүрген отарға қасқыр тиді ме екен деп түсіндік. Кілең шиеттей жан, шикі өкпе балалармыз, үрейлі хабардан ең кіші інім Бауыржан мен қарындасым Майра жылап та жіберді. Уқалай ашқан көзіме әдеттегідей Шал тауының шыңы көрінді, жайшылықта алғашқы күн шуағымен мұздықтары жарқырайтын жартастары су ішінде тұрғандай мұнарланып, сұрланып, сұсты көрінді. Таудан төмен түскен салқын леп денемді мұздатып жіберді. Атып тұрып, тұра жүгірдік, алдымызда анам Файза мен көрші шопан ағамыз қолдарына айыр, таяқ алып жүгіріп барады екен. Ауылдан шығар-шықпаста, шарбақты айнала бере арылы-берілі арпалысып жүрген қасқа бие көрінді, қасында торы құлыны бауырына тығылады, сирақтары дір-дір етіп, бір орыннан қозғала алмай қалған. Танадай екі сұр бөрі кезек-кезек ұмтылып, құлынды алмақшы, анасы артына келгенді теуіп, алдына келгенді аяқтарымен тарпып, кеудесімен қағып, құлынын қорғауда. Мал болса да ана жүректі жаратылыстың қаһар-қайратты батырға айналып кететінін көргенім – осы! Көкжалдар­дың пышақтай тістері өзін тамақтап кетеді-ау деген қорқыныш мүлдем жоқ. Қою да ұзын қап-қара жалы жалп-жалп етеді. Үлкен-үлкен тұяқтары тиген жерін қопарып, топырақты шаң етіп бұрқыратады. Арпалыс біраз болған-ау, мойын тұсы ақ көбіктеніп, алып денесін қара тер жауып кеткен. Арлан қасқырлармен біршама уақыттай жанталаста жалғыздық көріп жатыр екен, жануар! Біз бәріміз айғайға баса жүгіріп келеміз. Сол сәт, сол сәт… бұл жанталастың өкінішке ұрындырар шешуші кезең болары кімнің ойына кірді дейсіз?… Қасқа бие бізден қорған күткендей назарын аударып қалған сәттегі, жалғыз да соңғы мүмкіндікті бір арлан қалт жібермеді-ау! Әттең! Жас құлынның тамақ тұсындағы қалың етін пышақпен кескендей қас қағымда опырып, құлатып үлгерді, екінші арлан да аузын жамбас еттен қанға тигізді. Шарасыздықтан: «Құдай-ай, өлтірді — ау!» — деген анамның мал анасының қасірет сәтін көргендегі ащы даусы шықты. Жауына жалғыз құлынын беріп қойғанына өкінген құлынның анасы жерге сұлай берген баласын мойнымен орай тізерлей берді. Тәтті етке құныққан ессіз бөрілерді көршіміздің тракторының оталғандағы тарсылдаған даусы естерін жидырды. Қос көкжал иен далаға бет бұрып, асықпай желе жортып жүре берді, ешкімнен қорқу деген жоқ. Торы құлынның жас етінен қарпып қалған олар әлі де қимастай сыңай білдіріп, артқа мойнын бұрып, жорта кетіп барады. Ауыздары жақ жүндеріне дейін қанға боянған, өздері неткен үлкен еді!
Жайшылықта бір-бірімен жауша арпалысатын ауылдың иттері қас­қырларға жақындауға жүрексініп, біз жаққа жалтақтай бере, бар болғаны әупілдеп, кішкентайлары шәуілдеп, шығарып салды әудем жерге дейін. Біздің қорғаушыларымыздың түрі осындай екен, енді ғана білдік!
Қайран Торы құлын! Тегіңе тар­тып, қарақұрым қалың тұлпарлардың алдында маңдайындағы жұлдызы жарқыраған сәйгүлік болар ма едің, әлде көкпардың додадағы серкесін суырып алып шығып, көмбеге тастар қазанат сен болар ма едің, әлде талай дүбірлі жа­рыстардың алдындағы ақтаңгері сен бе едің… Өзімнен кішілердің жүздерін­де үрей, менің жанарым жасқа толып, ештеңе көре алмай тұрып қалдым. Қайран анам! Ол да тізерлеп, түйеше шөккен қасқа биеге қарап жүзін жасқа толтырып алыпты. Ентігіп жеткен туыс — көршілер бірдеме деп дабырласып жатыр, олардың сөздерінен ештеңе ұқпайтындаймын. Көзімді жеңіммен сүртіп, қара терге малынған Қасқа биеге бір қарадым да үйге беттедім. Мен үшін, менің жас жүрегім үшін жанымды жасытардай оқиға болды – бұл! Ұнжырғам түсіп кеткен. Ауылға кіре берістегі үйімізге таянғанда тағы да тауға көзім түсті. Ұшар шыңына дейін шыққан күннің шапағымен анық көрініп, бізге жақындап келгендей! «Саған не болған соншалықты, көтер кеудеңді! Бұл – өмір сабағы!» дегендей көріністі ұқтым, бойымды қалай тік­теп алғанымды білмей қалдым. Дәл осы сәтте «Шалқардан» (ертемен радио сөйлеп тұрған. Әкем, анам біз тыңдасын деп, ертеңмен қосып қоюшы еді) Құрманғазының «Кішкентай» күйінің бұлқынбалы тұсы орындалып тұр екен… Таудың тірі қарттай көрінісі, күйдің жан тебірентер құдіреті мен нақты өмірдің мына болмысы – үшеуінің ортасында қалдым…
Бала жүрегім көп сауалға жауап іздеп арпалысуда: Неге әкем осындай­да қой төлдетуге басқа жаққа кетіп, үйде болмады? Неге көршім анамды шақырғанша өзі жүгіре бермеген? Ауылдың төбет иттері неге Торыны қорғай алмады? Неге қасқа бие біз барғанда бізге жалт бұрыла қойды екен???… Неге, неге, неге?! Негесі көп, жауабы аз шіркін дүние-ай! Мүмкін адам баласының тынымсыз алға талпынысы, қара басының тағдыры­нан алған тәлім — тәрбиесі мен одан ширығып — ширауы, «етінің тірілігінің» оянуы осыған жауап шығар…
Күні бойы құлынынан айрыл­ған биеге қараумен болдық. Суатқа жетектеп апарамыз, барғанымен, бұлақ суын сәл ұрттап қана қояды, алдына жем берсек те қарамайды. Үйден алыстамайды, сәл жүріп тоқтап, сәл жүріп тоқтап, бойын ауыр ой басқан адамдай күйде, дел-сал. Тек біз оған қарай үйден шықсақ болды, «Торыны жетектеп, ойнап келе жатыр ма екен бұл балалар?» — дегендей, үмітпен жалт бұрылады. Осы түріне қарап тұруға дә­тім бармайды! Менің қолымнан кел­меді, ажал құлынымды алғанша мені неге алмады дегендей оның ана жүрегі!
Біраз күн өтті. Мен аудан орта­лығына әкемнің тапсырмасымен автобусқа мініп, ауылдан шықтым. Тауға қарап өскен даланың баласымыз ғой, тағы да тау жаққа жанарымды аудардым. Шығыстан батысқа қарай кәрі Қаратауды бетке алып созыла түскен тау шыңдары бірінен соң бірі кезек алып жүріп бара жатқандай. Өмір де сондай кезең-кезеңді ғой, менің де өмірімдегі кезеңім сырғып, артта қалып, бір кезеңім басталғандай, есейгендей болып келемін.
«Уақыт – емші»-дейді. Жылдың мына көркем кезеңі көңіліңді алдамай қоймайды. Көкорай шалғын бөктерде мыңғырған мал көктем мезгілін әнге бөлеп жатыр. Бірақ, өз әнінен айрылып, осы әнге қосылмай жазықтау жерде тек Қасқа бие жалғыз тұр. Жүдеп, шоқтығы мен қабырға сүйектері анадайдан көрінеді. Есік пен төрдей алып бие кішірейіп кеткен бе, қалай?! Шіркін, ана жүректі жануар — ай! Уақыт сенің де жараңды жазар деп сенемін! Бұл – өмір! Тау басындағы ақ пен қараның, жұмсақ ұлпа қар мен қатты жақпардың араласқанындай. Байқасам, өміріме тағдыр бір сабағын осылай да берген екен… Адам қуанышқа да, ренішке де дайын жүруі керек деп түйдім. Қош, менің Торы құлындай балғын балалық шағым!

Бейімбет ҮСІПБЕК,
Жарлысу ауылы.

Поделиться ссылкой: