ЖАН-ЖАҚТЫ РАМАЗАН
Бүгінгі күнге дейін «Бұл әлемде ешқандай шектеу жоқ» және «Армандар орындалады» деген тәмсілдерді жәй әшейін жаттанды сөздер деп қабылдап келгенім рас. Бірақ бұл бастапқы ойымнан Рамазан есімді жас жігітті жақыннан танығаннан бастап айныдым. «Неге?» дейсіздер ғой… Жауап берейін ендеше.
Аудандық орталық кітапханада көзі көрмейтін және әлсіз көретін оқырмандарға арналған арнайы бөлім бар. Дәл қазір онда 40 жылдық еңбек өтілі бар Нағима Қалқамбаева секілді жанашыр мамандар қызмет етеді. Оған Венера Баймұратова және Айымжан Сәлімжанқызы сынды жас мамандар ұдайы көмектесіп отырады. Бөлімнің ашылғанына көп те болған жоқ. Соған қарамастан бөлімнің оқырманы да олардың жеткен жетістігі де көп. Ондағы тұрақты оқырмандар саны – 42. Солардың бірі – Рамазан Тілеке.
Рамазан – өте зерек, білімге құштар жастардың бірі. Облыстық «Болашақ» мектеп-интернатында 10 сыныпта оқиды. Кітапханаға көп келіп, аудан атынан әр түрлі жарыстарға да қатысып тұрады. Атап айтар болсақ, Рамазан 2021 жылы көру қабілеті төмен жастар арасында тоғызқұмалақтан өткен облыстық турнирде ІІ орын иегері атанған. Дәл осылай дойбыдан да бағын сынап көріп, мінбенің биігінен көрінген. Бұл аз десеңіз, Рамазан шахматтың да қыр-сырын мықтап меңгеріп, аймақ бойынша күміс жүлдегер атанған.
Рамазанның дәл осылай жан-жақты болып өсіп келе жатқанына, күш-жігеріне қарап еріксіз тамсанасын. Біз өз кезегінде жерлесімізге алдағы уақытта өтетін жарыстарда сәттілік тілейміз.
Жәнібек Сұлтан.