Биыл 1-сыныпқа 1388 оқушы барады

428 Views

Осы аптаның сенбісінде білім қызметкерлерінің аудандық тамыз конференциясы өтеді. Осыған орай газетіміздің тілшісі Марат Диханбай 2022-2023 жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Базарова Майра Айдарбекқызынан сұхбат алған еді. Ендеше, сөз тізгіні – әріптесімізде.

– Майра Айдарбекқызы, биыл мектеп табалдырығын қанша оқушы аттағалы тұр?
– Т.Рысқұлов ауданының білім бөлімі желісінде 38 мектеп, 25 балабақша, 5 қосымша білім беру мекемесі және 1 педагогикалық- психологиялық түзету кабинеті жұмыс атқарады. Жаңа 2022-2023 жылғы оқу жылында мектепке 15020 оқушы келеді деп күтілуде. Оның қазақ сыныбында – 14020, орыс сыныбында – 1000 бала білім алады. Сіз қойған сауалға келетін болсақ, биыл 1-сыныпқа 1388 бүлдіршін қадам басып, мектеп табалдырығын аттағалы тұр.
– Ауданда педагог қызмет­кер­ле­рінің сапалық құрамы қандай?
– Аудан бойынша 2054, яғни 455 ер, 1599 әйел педагог қызмет атқарады. Оның ішінде жоғары білімді 1949 (95,0%), 105-сі орта арнаулы педагог. (5,0%). Сапалық құрам 66,5 пайызды құрады. Жаз айларында өз пәндері бойынша 21,2% педагог біліктілік курсын аяқтады.
– Оқулықтар жөнінде бірер ақпар айта кетсеңіз?
– 2022-2023 жылғы оқу жылында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу және тасымалдау жұмыстарын ұйымдастыру үшін жалпы – 174 097 мың теңге қарастырылған. Яғни, оқулық сатып алуға – 173046, тасымалдауға – 1000051 теңге. «Атамұра», «Алматы кітап», «Арман-ПВ», «Мектеп», «Экспресс публишн», «Оксворд», «Макмилан», «Келешек – 30», «Қазақ энциклопедиясы», «Жазушы», «Мазмұндама», «Назарбаев зияткерлік мектебі», «Сатр» секілді 13 баспамен жалпы саны – 75090 дана кітапқа 152 млн.104 мың 828 теңгеге келісімшарт жасалды. 2021-2022 жылы 2-сыныптың оқулықтары ауыстырылды. Оқулықтардың 68 % келіп, таратылуда.
– Республикалық «Мектепке жол» акциясының ауданда жүзеге асу қарқыны қалай болып жатыр?
– Биыл бастауыш, негізгі, орта білім беру мекемелерінде аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан 3067 балаға бір мезгіл ыстық тамақ берілетін болады. Оған 171 млн. 138 мың 600 теңге қаражат қарастырылған. Сонымен қатар аз қамтылған, көпбалалы отбасындағы 2990 балаға, жалпыға міндетті біліммен қамту қорынан бір реттік көмек ретінде әр балаға 32500 теңгеден жалпы 97 млн. 175 мың теңге қаражатты ата- аналардың есебіне аудару жұмыстары жүргізілуде. 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында жыл сайын өткізілетін «Мектепке жол» акциясы да ұйымдастырылуда. Мәселен, дәл осы акция аясында жуырда Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебінің 20 жылдық түлектері мектеп жасындағы 100 оқушыға 3 млн. 800 мың теңгеге оқу- құрал жабдықтарын алып, табыс етті. Сондай-ақ, аудан әкімдігінің, білім бөлімінің, ауыл әкімдерінің демеушілігімен 70 оқушыға демеушілік көрсету шаралары ұйымдастырылуда.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан М.Диханбай.

Поделиться ссылкой: