Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ
1 қыркүйек – барша халықтың дәстүрлі мерекесі! Күз мезгілінің алғашқы күні – ұстаздар мен оқушылар және ата–аналар үшін ерекше күн. Осы күні ауданымыздағы барлық мектептер мен білім ордалары оқушылар мен білім алушыларға есігін айқара ашты. Осы орайда, Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов Малдыбай ауылындағы Малдыбай орта мектебінде болып, ұстаздар мен ата-аналарды, оқушыларды Білім күні мерекесімен құттықтады.
Еліміздің өсіп-өркендеуі білім жүйесінің деңгейіне, мектеп біліміне тікелей байланысты екенін ерекше атап өткен аудан басшысы ұстаздар мен оқушыларға жаңа жетістіктер мен ізденістер, шығармашылық табыстар тіледі. Биыл 1 сыныпқа қабылданған жас бүлдіршіндердің мектеп табалдырығын алғаш аттау сәтіне ата-аналар да куә болды. Мерекелік іс-шарада сап түзеген оқушыларға сыңғырлаған қоңырау үні соғылып, игі дәстүрмен тәрбие сағаттарына ұласты. Жаңа 2022-2023 оқу жылы барша білім алушыларға құтты, жетістігі мол жыл болсын!
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.