Ботулизмнің алдын алу
32 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 3 наурызында қолы қойылған Жарлығы жергілікті жерлерде тиімді іске асуда. Осыған дәлел ретінде аудан әкімі Ернар Есіркеповтың шалғайдағы халықпен тұрақты кездесулерін нақты келтіруге болады. Бекітілген кестеге сәйкес аудан басшысы сәрсенбі күні Өрнек және Ақниет ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Келелі кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан бірқатар мәселелер көтеріліп, оларға тиісті жауаптар қайтарылды. Ендеше тақырыпты тарқатсақ.
Неге екені белгісіз, өзге ауылдардың басқосуларымен салыстырғанда Өрнектегі жиындар өзгеше өтеді. Бәлкім оған қарапайым халықтың белсенділігі мен ондағы мәселелердің көптігі тікелей әсер ететін болар. Кім білсін? Бес бірдей елді мекеннен құралған округте мәселе жоқ емес, бар. Соның «өзекті» деген «он үшін» тұрғындар параққа түсіріп, өткен кездесуде аудан әкіміне арнайы табыстапты. Сәрсенбідегі кездесуде сол сұрақтар қайта көтерілді. Қуантарлығы сол, арадағы үш айдың ішінде аталмыш 13 сұрақтың екеуі сәтті шешілген. Оны тұрғындарға аудан әкімі өз сөзінде жеткізді.
– Мәселенің оң шешілуі қаржыға келіп тіреледі. Ал бізге бөлінген бюджеттің өз шектеуі бар. Соған сәйкес сіздерден сәл сабырлық сұраймыз. Өздеріңіз жолдаған он үш сауал ұдайы бақылауда тұр. Мәнді мәселелер кезең-кезеңімен шешілетін болады – деп, бұқара базынасына айналған басты мәселелерді шешуде қырағылық танытқан ауыл белсенділері мен жауапты бөлім басшыларына алғысын жеткізді.
Сондай-ақ, жиында ауылдан қашық орналасқан сегіз үйдің ортақ мәселесі де сөз болды. Ондағы тіршіліктен таршылық көріп отырған шаңырақ иелері көшеге көгілдір отынын жүргізу, жолды асфальттау, жарық орнату, сел кезінде сақталып қалған арыққа бір ізді көпір салу сынды проблемаларды көтерді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары әлеуметтік маңызы бар нысандар қатарына жататын мектеп пен әкімдікті күрделі жөндеуден өткізу керектігін айтып, бейіттерді қоршау, ауыл аумағын кеңейтіп, жайылымдық жерлердің көлемін ұлғайтуды өтінді. Аудан басшысы кездесуде қойылған сауалдар мен өтініштердің барлығы заң аясында кезең-кезеңімен шешімін табатынын және қордаланған мәселелер тиісті сала басшыларына жолданып, жоспарлы жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Ал ақниеттіктердің басты проблемасы – ауылға апаратын жол. Ойық-ойық, шаршы шұңқыры бар жолмен жүру шындығында да үлкен мұң. Оған біз ауылға бара жатқанда да, келе жатқанда да әбден көз жеткіздік. Жалпы бір жыл бұрын аталмыш облыстық мәндегі жолды жөндеу жұмыстары сәтті басталған болатын. Араға аздап уақыт салып ауқымды жұмыс тоқтаған. Басты себебі – сатып алу кезінде кеткен кемшілік пен жол жөндеуші екі мердігердің өзара келіспеушілігі. Бұл туралы жиында аудан әкімі толықтай баяндап берді. Ернар Серікәліұлының сөзіне сенсек, сот процесі әлі де жалғасуда екен. Тұрғындардан шыдамдылық пен сабырлықты ту етуді сұраған аудан басшысы мәселенің тиімді шешілуіне бар күш-жігерін салатынын жеткізді.
Жиында тұрғындар тарапынан өзге де мәселелер көтерілді. Олардың қатарында көшелерге жарық орнату, таза ауыз сумен қамту, ауылдық, облыстық мәндегі жолдарға жол белгілерін қою сынды мәселелер көтеріліп, тиісті жауаптар берілді.
Айта кетейік, аудан басшысы Ернар Есіркепов екі округте өткен жиындардан соң, тұрғындарды жеке де қабылдап, өтініш-тілектерге құлақ түрді.
Жәнібек СҰЛТАН.