Мерекеңмен, мейірімді әке!

497 Views

Ұстаз – шәкіртінің бойына білім нәрімен қатар ақыл-парасат пен көркем мінез сіңіруші жан. Сол себепті ұстаз есімі – қашанда ұлағатты. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуге балаға!» деп Абай атамыз айтқандай, Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі Қадіров Амандық Ералыұлы ғұмырының 30 жылын шәкірт тәрбиелеуге арнады.
30 жыл ұстаздық еңбек етіп келе жатқан менің әкемнің ұстанымы – «Балалар бойында ұлттық музыка негіздерін қалыптастыра отырып, өнерлі, шығармашыл тұлға тәрбиелеу» еді. Әрине, ол өз ісінің, кәсібінің майталманы. Осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын арнаған, кәсіби деңгейі жоғары, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Сондықтан да үнемі ізденіс үстінде жүріп, түрлі байқаулар мен жобаларға, ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, еселі еңбегі елеусіз қалған жоқ. Мәселен, 2018 жылы «100 жаңа есім» жобасы аясында жинақталған «OZATTAR» Қазақстан білім саласы энциклопедиясына қатысып, республикалық білім саласы үздік қызметкерлерінің қатарынан көрінгені үшін «Қазақстан ұстазы» төсбелгісін алды. Ал, 2019 жылы «Білім беру ісіне қосқан үлесі үшін» байқауына ұсынылған жұмыстары «үздік» деп танылып, аталмыш байқауда «Білім беру ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі берілді.
Балалар бойына ұлттық өнерді сіңірудегі еңбегі де еш кетпеді. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, шәкірттері Руслан Әзімбек дәстүрлі және эстрадалық жанрда ән орындауда республикамызға танымал. Жания Шаймерден, Сезім Балтабек деген оқушылары алған өнерін өмірде де қолданып жүр.
Әкем аудан өміріндегі мәдениет саласын дамытуға да өз үлесін қосып келеді. Бүгінде аудандық «Сұлутөр» ұлт аспаптар оркестрінің белді мүшесі.
Ұстаздар мерекесінің қарсаңында саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған әкемді, ұлағатты ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтаймын.

Перизат Қадірова, қызы.
Астана қаласы.

Поделиться ссылкой: