Екі Жолдаудың да саяси салмағы ауқымды

262 Views

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы бір емес, екі бірдей Жолдауын ел халқына жолдады. Біріншісі әрине, көктем мезгілінде жарияланды. Аудандық газетте ол осы жылдың 18 наурызында басылып шықты. «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» деп аталған Президент Жолдауында елдің даму стратегиясына қатысты көптеген мәселелер қозғалған болатын. Қаңтар оқиғасына қатысты да мәселелердің жай-күйі нақ осы Жолдауда көрініс тапты. Ал екінші Жолдаудың күз мезгілінің алғашқы айында жарияланғанын білесіздер. Нақтысын айтқанда, 1-ші қыркүйекте. Бұл Жолдаудың тақырыбы – «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталды. Осы Жолдауда елімізде Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтетіндігі айтылды. Яғни, бір жылда жолданған екі Жолдаудың да саяси салмағын алып қарасақ, мазмұны жағынан ауқымды деп айтсақ болады.

Өткен аптада ел Президентінің Жолдауларында айтылған межелі міндеттерді халыққа түсіндіру мақ­сатында Жамбыл облыстық арда­гер­лер Кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев бастаған ақпараттық топ мүшелері ауданымызға арнайы келді. Ақпараттық топ мүшелерін аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев пен аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов қарсы алды. Еркінбек Бейсенбекұлы бастаған ақпараттық топ мүше­лері алдымен аудандық электр желі­лерін тарату мекемесінің ұжымымен кездесті. Бұл кездесуде Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған негізгі критерийлердің жай-жапсары төңірегінде Еркінбек Солтыбаев та, сондай-ақ, Тараз қалалық «Өзбек этно-мәдени» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов та кеңінен айтты. Содан соң дәл осындай кездесу ауданымыздағы сәулеті келіскен білім ошағының бірі Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің акт залында да өтті. Мектеп директоры Нұргүл Төленқызы бастаған ұлағатты ұстаздар қауымы­ның қатысуымен өрбіген келелі кезде­суде Жамбыл облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев «Жайлы мектеп» жобасы жайында сөз қозғап, білім беру саласын­да­ғы өзекті мәселелерге тоқталды. Одан кейін, кездесу Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Аталмыш мәдениет ошағында өткен келелі кездесуге өнер адамдарымен қатар, кітапханашы­лар, энто-мәдени бірлестік жетекшілері де қатысты. Мұнда да Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған ауқымды тақырыптар жан-жақты талқыланды. Сөз соңында Еркінбек Солтыбаев елімізде береке-бірлік болса ғана тірлік алға озатынын айтты.

М.Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: