Ағаш көшеттері отырғызылды
49 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Сонау бір ел-жұрттың есін алып қырғынға ұшыратқан 1931 жылғы нәубеттің тарихтың терең қойнауына сіңіп кеткеніне де биыл – 90 жылдан асты. Жаңатұрмыс ауылындағы көнекөз қариялардың көбі кетіп, азы қалды. Ауылда жасы тоқсаннан асқан екі абыз бар. Оның біреуі жасы 98-ге келген Ұлы Отан соғысының ардагері Шалдамбай Шаңбаев болса, екіншісі ол кісіден төрт жас кіші Жомарт Жұматайұлы Бошаев. Шәкең менің әкеммен түйдей құрдас. Майдангер туралы мақалам өткен жылы облыстық және аудандық газеттерде жарық көрген. Ал, Жомарт қарияның қара шаңырағына жолым түсіп келіп отырғаным осы.
Осыдан он-он бес жыл бұрын көргенімде Жомарт ақсақал мешітке өз аяғымен барып, бес парыздың біреуін өтеп жүрген. Енді міне, кәрілік жеңіп, төсекте отыр екен. Он жыл бұрын отыз шақты ардагермен Астанаға туристік сапармен барғанда да оның екі бетінің қаны жүзін нұрландырып, келбеті мен кейпін өзгелерден ерекшелендіріп тұрғанын байқағанмын. Шатыр тамға қамалып, күн көзін көре алмай отырған оның жүзі сәл солғын тартып, өңі аппақ жапырақтай болып бозарып қалыпты. Бірақ сөзі баяғыдай салмақты, ойы көрікті екен. Жанары да жарық дүниені көмескілеу етіп көрсететін болған соң, ести алатын бір құлағымен бір кітаптың көлеміндей кішкентай транзистордың дауысын қаттырақ шығарып қойып, жаңғырған жаңа Қазақстанның жаңалықтарын ертелі-кеш тыңдауды өзіне ермек еткен сыңайлы.
Шалдамбай ақсақал мені жазбай танитын, ал бұл кісі болса көпке дейін жыға тани алмай отырып-отырып, аты-жөнімді айтқаннан соң ғана баяғы жайдары, жаймашуақ қалпына келді. Келді де… ескі танысын көргендегідей көшелі әңгімеге көшті. Менің қойған сауалдарыма мүдірмей жауап бергенімен қоймай, сонау ықылым туралы сөз сабақтағанымда ескі жалғызаяқ сүрлеу жолға түскен жүрісті аттай сауырға қамшы салдырмай сөйлей жөнелді.
– Біздің әулет 1931-ші жылғы ашаршылықта Қырғызстанның Талас облысындағы Энгельс колхозынан көшіп келіпті. Мен ол кезде небәрі үш жастан жаңа ассам керек. Жұматай әкем үйелмелі-сүйелмелі төрт қарындасы мен інісі Жұмабекті ертіп елге қарай екі асу асады. Біздің мұндағы жұрт: «қызыл қаңлылар» екенімізді қайдан білсін, ең алғаш келіп жүк-аяғымызды түсірген «Октябрьшаруа» ауылындағы Сарби шаңырағына «жиеншар» болып тастай батып, судай сіңіп: «аққойлы» атандық. Қарақатта көп тұрған жоқпыз. Мен өзі қоян жылы туған екенмін…1928 жылы, (қырғыз жерінде). Біздің үйелменімізді аққойлы жұртынан Еркебұланның Тоқтағұлы радуан арбамен Жаңатұрмысқа көшіріп әкелгенде мен бір мүшел жаста болатынмын.
Тұп-тура сұрапыл соғыс басталардың алдындағы өлара мезгіл еді. Мырзалы етікшіге (Кершәйіздің әкесі) зоотехник Таңсықбай үнемі етігін жөндететін. Сол кісінің аузы бір тынбайтын. Ауылдың барлық жаңалығын сол кісі айтатын. «Житьманап» («Жить по новому») колхозының ең алғаш ірге-тасын қалап, сонау «Құркүнгей» мен «Сарманқұлдан» болат жолдың желке тұсына елге көшіріп әкеліп, артель етіп қоныстандырған осы Сырайыл Сатыбалдиев болатын. Әкесінің ныспысы Мырзахмет-тұғын деп отыратын. Бұларды «Құланқыпшақ» дейтін. Қалықұл, Райымқұл, кейінірек Орман, Әбілхайыр, Әбілқасым деген туыстары да жаңа құрылған коммунаға мүше болды. Райымқұлдың коммунист әйелі Ләмкүл ешкі перме болып тұрғанда колхоздың малының саны 40 мыңға жетті. Соғыстан кейінгі жылдары ауылымызға украиндар көптеп көшіп келді де, шеткі көшеге қоныстанды. Оны ауыл қазақтары «украин көше» деп атап кетті. Сол көшеге Колосовскийлермен қатар неміс Вундер, грек Пехлеванидилер де қоныс аударып келген болатын. Бәлкім содан ба, оны «Дружба» көшесі деп те атады. Ал, егемендік алған жылдары ол көшенің аты тағы өзгерді, Құлбарақ көшесі болып. Шынын айту ләзім, Ахмет, Тоқымет деген азаматтар орталық көшенің ең алғашқы кірпішін қаласа, ауылдағы тұңғыш бастауыш мектептің іргетасын Құлбарақ Тәжиев қалаған. Әлі есімде, қазіргі обелискі тұрған жерде вагон-вагон ағаш үйіліп жататын. Соның барлығын Құлбарақ кісі сонау Сібірден әкелетін деп еститінбіз.
Сөйтіп, «таудың қожайлары» мен «шидің қожайлары» көшпенді тірлікті тастап, ортақ өгіз мініп, қорасын қойға, шарасын майға толтырды. Бердіғұл, Шақан, Сары сынды байлардың мыңғырған малы кәмпескеленіп, ортақ қазынаға айналды. «Сазқұдықты» қайдам, біздің ауылдың ешкісін Естемес пен Тоқтағұл бақты. Әйтеуір ел: «Естемес баласына 41 ешкі қалың мал төлеп келін түсіріпті» деген сөз желдей ескенін білемін. Мен ол кезде қатарларым Әшір, Майлыбай, Артықбай, Үшкемпірлермен бірге арба айдайтынмын. 1947 жылы колхозда төрт соқа бар болатын. Соны бәріміз жабылып айдадық. Кейін Әшір мен Шәбденалы, Әдібай оқуға түсіп кетті. Колхозымызға Досымбек Құдайбергенов, шудан Шәкір Дөненбаев, одан соң Қали Мұсаев, Шәуе Сәлімбаев бастық болып келген жылдары мені Кершәйізбен бірге Қарағандыға ФЗО-ға жіберді. Онда екі жыл болып ауылға қайтып келдім де, 1952 жылы үйлендім. Әйелім Түзел қырғыздың қызы болатын. Атамыз Бошайдың әйелі де қырғыздың қызы болған соң ба, мен де қалпақты жұртқа қайын атандым. Шүкір, Түзел екеумізден төрт ұл, алты қыз өрбіді. Жұмабек пен Рахаттың, Ардақ пен Бауыржанның балаларын бауырымызға басып, осы Жаңатұрмыс ауылында тұрып жатырмыз.
Иә, абыз ақсақалымыздың немересі Әлішер мен келіні Айжан, олардың анасы Айгүлдің балалары бүгінде қарттың қабағын бағып, қалауын тауып беріп отырған жайы бар. Әлішер Қарақатта мектеп директоры, бірақ қара шаңырақта отырған соң араға қатынап жұмыс істейді. Абыз ата немере, шөбере сүйіп, осылайша ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отыр.
Қырғыздан елге бет түзеген соңғы көштің де ізі суығалы бір ықылым өтіпті. Қасымы жоқ Жомарт ақсақалдың арбасының сықыры басылғалы қашан?.. Дегенмен, көпті көрген көнекөз кәриенің аяғы ауласынан аспағанмен аймаққа жетер әңгімесі әлі көп. Ауылдың кешегі тарихын көкірек сандығына сақтап, көпшілікке көреген көзімен, дуалы сөзімен жеткізіп беретін осындай абыздарымыз аман болсын. Ауылдан аттанарда атақты шайыр Қуандық Шолақтың немересі басқарып отырған есікті де ашып, ауыл әкімі Ерсайын Талғатұлының әңгімесін тыңдап, оның бүгінгі заман шындығына орай сценарийін өзі жазып жарыққа шығарған қысқаметражды, шағын сюжетті картинасын көріп, көңілімізге қош ұялаттық. Әкімнің өмірдегі ақиқатты айнытпай тани білуі құптарлық жәй. Десек те… «Екі бірдей жүз жасты алқымдаған абыздары туралы деректі фильм түсірсе ғой, нұр үстіне нұр болар еді-ау» деген ой келді бізге.
С.Қожеке,
Жаңатұрмыс ауылы.