Жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды

357 Views

Алдымен сөзбасы: 77 жылдан бері 9 маусым – «Германиядағы Кеңес оккупациялық күштері әскерінің тобы» құрылған күні ретінде аталып өтіледі. Жастар біле бермеуі мүмкін, сондықтан жазып өтейік, келмеске кеткен КСРО тұсында Германия–Варшава келісіміндегі мемлекеттер, яғни Польша, Венгрия, Чехословакия, Югословакия, Румыния, Моңғолия және басқа елдерде Отан алдында­ғы борышын өтеген қазақстандық­тар осы қоғамдық бірлестіктің құра­мына кіреді. Қазіргі таңда аталмыш бірлестіктің 200-ге жуық мүшесі бар. «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава Келісім шарты әскерінің тобы» Ардагерлері» (ГКӘТ, ВКШӘТ) республикалық қоғамдық бірлестігінің басты мақсаты – ата-бабаларымыздың ерлігін жастар арасында кеңінен насихаттап, оларды Отанды сүюге тәрбиелеу. Сондай-ақ, жастардың бойында өз-өзіне деген сенімділікті арттырып, спортқа баулу.
2022 жыл – «Балалар жылы». Осы­ған орай, жуырда «Жастар діни экстремизм мен терроризмге әрі на­шақорлыққа қарсы!» ұранымен 2010 және 2012 жылы туылған жасөспірім ұлдар арасында дзюдодан №24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ашық біріншілігі өтті. Бұл жарысқа қолдау білдіріп, демеушілік көрсеткен «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава Келісім шарты әскерінің тобы» Ардагерлері» (ГКӘТ, ВКШӘТ) республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы екенін айта кетейік. Бұның бәрі не үшін қажет? Дзюдо спортына қатысатын жасөспірімдердің шеберлігін шыңдау үшін қажет. Нағыз чемпиондар ауылдан шығады. Сол жағынан алып қарағанда, бұл жарыстың маңыздылығы ерекше деп айта аламыз.
Жарыстың ашылу рәсімінде аудан­дық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев сөз сөйлеп, патриоттық тәрбие жөнінде оябы бөлек ой қозғады. Содан соң «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава Келісім шарты әскерінің тобы» Ардагерлері» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының директоры Сабыралы Қыдыралиев ұйымдастырылып отырған жарыстың мақсаты мен маңыздылығына айрықша тоқталып, жастарымыз сом білекті, батыр жүректі болғанда ғана өзгелер тіс батырып сөйлей алмайтындығын айтты. Содан кейін Бегналы Лебаев, Асқар Буркитов, Бахыт Тоғылшиев және Қанат Шотаевқа «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава Келісім шарты әскерінің тобы» Ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төсбелгісі табыс етілді.
Одан кейін Луговой ауылындағы спорт кешенінде өткен жарыстың көрігі қыза түсті. Сырттай қарағанда, қатысушылардың бәрі мықты көрінді бізге. Алайда, бозкілемдегі нәтиже мынадай болды. 29 келіде жүлделі III орын таластық Бағнұр Әзімханға бұйырса, жүлделі II орынға құландық Руслан Алтынхан ие болды. Бұл салмақта Әбжапар ауылынан келген Әлішер Доқтырбай топ жарды. 32 келіде жүлделі III орынға таластық Батырхан Қылышбек ие болса, жүлделі II орын құландық Айтуар Әбуталиптің қанжығасына жазылды. Сәлімбай ауылынан келген Ерсұлтан Тұрсын бұл салмақта үздік болып, жүлделі I орынды жеңіп алды. 35 келіде жүлделі III орынға құландық Азиз Қанат ие болса, жүлделі II орынды таластық Баянды Қалдарбек жеңіп алды. Жүлделі I орын Талас ауданынан келген жас өрен Алинұр Нұржанның еншісінде кетті. 38 келіде жүлделі III орын құландық Досымжан Рысалыға бұйырса, жүлделі II орынға Қызылшаруа ауылынан келген Нұрәділ Жапан ие болды. Бұл салмақта құландық Нұрсұлтан Жақсыбек топ жарды. 42 келіде жүлделі III орын құландық Жалғас Момыновтың еншісіне жазылса, жүлделі II орын таластық Есенбай Шынболатқа бұйырды. Бұл салмақта таластық Хангелді Талапты жеңімпаз атанды. 46 келіде жүлделі III орын Құмарық ауылынан келген Алихан Рүстембекке бұйырса, жүлделі II орын Каменка ауылының жас өрені Дарын Тұрардың қанжығасында кетті. Бұл салмақта құландық Айбек Алимжан үздік болып, жүлделі I орынға ие болды. Жарыс аяқталғаннан кейін «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава Келісім шарты әскерінің тобы» Ардагерлері» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының директоры Сабыралы Қыдыралиев бастаған азаматтар I топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат Шекербек Нанаевқа «Воин интер­националист» медалін табыстады.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: