Қауіпсіз өнімді таңдай білесіз бе?
Т.Рысқұлов аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы ай сайын ішкі сауда нарығында өнімдердің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізеді. Мақсаты – өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін, жалпы деңгейін арттыру, сондай-ақ, техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін заң бұзушылықтарды анықтау.
Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өнім қауіпсіздігі мониторингі шеңберінде 12 азық-түлік дүкеніне және 2 дәріхана, 1 құрылыс дүкеніне тексеру тағайындау актісі ашылып, тамақ және тамақ емес өнімдерден (ет, сүт, балық өнімдері, көкөністер және тұрмыстық химия заттары, жеке гигиеналық заттар, балаларға арналған тауарлар мен ойыншықтар) 189 өнім үлгісі іріктелді. Оның ішінде 28 (14,8%) өнім – отандық өндірушілердің тауары, 61-і (32,3%) ЕАЭО мүше мемлекеттердің өнімі, 58-і (30,7%) басқа елдерден және өндірушісі белгісіз өнімдер – 42 (22,2%) алынған болатын.
Нәтижесінде техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін 135 (71,4%) үлгі анықталды, олардың ішінде ТРТС 022/2011 «Тағам өнімдерін таңбалау» бойынша 134 және микробиологиялық көрсеткіш үлесіне сәйкес келмеу 1 сынаманы құрады.Сарапталған тауарлардың негізгі кемшіліктері өнімнің таңбалануын сақтамаудан болды. Атап айтқанда, мемлекеттік тілде ақпараттың болмауы, мемлекеттік тілге дұрыс аударылмауы, сақтау шарттары туралы ақпараттың болмауы, Қазақстан Республикасындағы импорттаушының атауы мен мекенжайының болмауы.
Мониторинг барысында кәсіпкерлік субъектілерімен іс-шаралар жүргізіліп, сапа стандарттарына сәйкес келмейтін азық-түлік өнімдері сатылымнан алып тасталынып, жеткізушілерге қайтарылды. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің атына 13 ұйғарым берілді. Осыған байланысты, Т.Рысқұлов аудандық санитариялық дәрігерлері ең алдымен таңбалауды (атауы, өнімнің дайындалған елдің атауы, дайындаушының атауы мен орналасқан жері, дайындалған күні, жарамдылық мерзімі, қажет болған жағдайда сақтау шарттары, жүгінген кезде қауіпсіздік шаралары, ескерту жазбалары) мұқият зерделеуді ұсынады. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі техникалық регламенттің заң бұзушылықтарының алдын алу мақсатында өндірушілерді өнімді регламент талаптарына сәйкес таңбалауды сақтауға, сондай-ақ, өткізу кезінде өнімді бақылау құжаттарымен қамтамасыз етуге шақырады.
Егер Сіз таңбаланбаған және сапасы күмәнді өнімдердің сатылып жатқанына куә болсаңыз, азаматтық ұстанымыңызды көрсетіңіз! Т.Рысқұлов аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына хабарласыңыз.