Өз өлкеңді танисың ба?
50 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
Адам құқығы бұзылуының әлемдегі ең жойқын проблемаларының бірі – әйелдер қауымына қатысты зорлық-зомбылық. Аталмыш қылмыс гендерлік теңсіздік, билікті теріс мақсатта пайдалану сынды жағымсыз әрекеттерден бастау алады. Зорлық-зомбылық әйелдердің қоғамдық өмірге араласуына кедергі келтіріп қана қоймай, оның денсаулығына, өміріне қауіп төндіреді. Осы мәселеге байланысты 1999 жылы 17 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы өз қарарымен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін халықаралық күрес күні деп жариялады. Және бұл күні гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-әрекеттің 16 күндік науқаны басталған болатын.
Ағымдағы жылдың 8 желтоқсан күні аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен «Зорлық-зомбылықсыз өмір үшін!» тақырыбы аясында дөңгелек үстел өтті. М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінде өткізілген бұл шараның басты мақсаты – отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, зорлық-зомбылыққа жол бермеу және халықтың арасында құқықты түсіндіру. Дөңгелек үстелге Аналар кеңесінің төрайымы Түзел Алагөзова, аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрайымы Айнұр Баймұратова, ішкі істер қызметі, ішкі саясат, прокуратура өкілдері, мектеп психологы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және әлеуметтік педагогтар қатысты.
Іс-шара барысында қатысушыларға тақырып аясында бейнероликтер көрсетіліп, білім қызметкерлері «Отбасының әлеуметтік сипаттамасы», «Жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары», «Отбасы – бақыт мекені», «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ!» тақырыптары қамтылған баяндамалар оқыды.
25 қарашадан 10 желтоқсанға дейін созылған бұл науқан маңызды мәселелерді көтеру және гендерлік зорлық-зомбылық туралы күрделі пікірталастарды қолдау үшін таптырмас құрал болып табылды.
Ғазиза АСҚАР.