Бір кем дүние

357 Views

Аса қадірлі оқырман!

Өткен жылы біздің ұжым заңғар жазушы, «Шындықтың шырақшысы» атанған Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» атты еңбегін газет бетіне жариялаған болатын. Бұл бастама көптің көңілінен шыққан секілді. Кері байланыс орнатқан оқырмандардың ортақ өтініші бойынша биыл да аталмыш жұмысты жалғастыруға ниет еттік.

Жетпіс бес

Осыдан біраз жыл бұрын әйгілі әдебиетші, сыншы, үлкен ғалым Шерияздан Елеукенов 70 жасқа толып, Алматыдағы Ғалымдар үйінде мерейтойы өткенде өзі айтып еді.
– Жетпіс деген екі сөзден тұрады: «жет», «піс» деген, – деп еді.
Ал мен болсам, жетпіс бесті тойлап тастадым. Енді сол Елеукенов айтқан сөз есіме түсе береді. «Жет» дегені дұрыс-ақ. «Піс» дегені… Қатерлі. Пісіп тұрған жемісті әркім-ақ жеп қойғысы келеді. Әсіресе, жауыз торғай шоқып-шоқып жерге түсіреді. Жақсы емес, уылжып піскен шақта өзі-ақ үзіліп түседі. Нені меңзейді?
Жеткенің жақсы.
Піскенің қиын.
Бір кем дүние.
Кітап қасиеті
Темірді тат шірітеді. Тат темірдің өзінен шығады.
Адамды аздыратын жаман қылықтар да адамның өзінен шығады. Ол да тат. Оны сабындап жуып кетіре алмайсың.
Адам жанын тат басса, оны тек кітап кетіре алады. Әрине, асыл кітап, адал кітап.
Ең бірінші – Құран!
Екінші – хадистер!
Ұлы классиктер.
Қазақтың ұлы ақын-жазушылары.
Кітап жем, су сұрамайды. Кітап – ғажайып қазына.
Кітап – өмірсерік.
Кітапты сүймеген Құдайды да сүймейді.
Бір кем дүние.

Бағындырғыштар

Теле ұялмастан оттап тұр. «Альпинистер Хан Тәңірінің бір шыңын бағындырды» дейді.
Хан Тәңірі жау емес бағындыратын. «Бағындыру» деген етістік басқыншы, зорақы отаршылдардың кекірік сөзі.
Петр бірінші заманынан, Иван Грозный заманынан бері келе жатқан жаман сөз. Иван Грозный дәуірінде Ермак деген қаңғыбас қарақшы байларға жалданып, «тас белдіктің» аржағында не бар екен деп, Орал таудан өтіп, жүздеген қайық, кемемен Ібір-Сібір патшалығына басып кіріп, Көшім хан патшалығын күшпен жаулап алды.
Қандыбалақ қарақшы Ермак Ертістің бір саласы Бағай өзеніне батып өлді. Патша соңынан Сібірді жаулап, бағындырды.
Тіпті, патшадан соң совет дәуірінде «тыңды бағындырушылар» шықты. Хрущев мақтанды: патшалар жүздеген жылдар бойы істей алмағанды мен бір-ақ жылда істедім деп.
«Бағындыру» – оңбаған, жексұрын сөз. Хан Тәңіріні бағындырдық деп қақсайды.
Теле – тентек.
Не деген надандық?!
Бір кем дүние.

Кәрі шынар

Елге барған сайын Зиратсайға сәлем бермесем, әлдене жетпей тұрғандай болады. Кейде жалғыз, кейде немерем Илиго екеуіміз екі атқа мініп, ата-бабалар жатқан мекенге қарай желе-жортамыз.
Терең сайдың шығыс жағын қалың қамыс, қызыл изен, жусан басқан. Ара-арасынан көне төмпешіктер білінеді.
Міне, бұл ата-бабалар зиратының жұрнағы. Аттарды қаңтарып қойып, білгенімше шын беріліп дұға оқимын. Бұл зиратта әкемнің әкесі Бердімбет баба жатыр. Бұл зиратта ұлы ана Күнікей жатыр. Дұрысы: олардың сүйегі жатыр. Жандары, Алла қаласа, аспанда, жұлдыздардың бірінде шығар. Жандары жәннатта болғай!
Терең сайдың батыс жақ беткейінде бұтақтары тарам-тарам, аспан астын көмкергендей бай шынар тұрады. Ол мына ата-баба зиратының күзетшісіндей.
Жарықтық, сол бай шынар менің бала кезімде бар еді. Әлі тұр. Ал мен жетпіс бестен асып барамын. Бай шынар әлі баяғыдай. Тек үлкен үйдің тұрқындай діңгегі ғана қатпар-қатпар әжімді. Бір бүйірі тесік. Әлдебір қарғыс атқыр бүйіріне балта шауып, үңгірлеп, ішіне от қойып, күйдірген. Көлемі бір адам сыйып кетердей. Ішімнен: мен өлгенде денемді осы үңгірге салып қойса, қарсы беттегі бабам Бердімбеттің, ұлы анам Күнікейдің бейіттеріне қарап жатсам деп қоямын. Бай шынардың жапырақтары жамырап, күндіз-түні ғарыш әнін айтып тұрса?…
Қай жерде, қай сағатта ажал жетіп, сүйегіңнің қайда қаларын бір Құдай ғана біледі.
Біздікі тек қиял ғой.
Бір кем дүние.

Ас пен тас

1944 жыл. Көктем. Өте ауыр болды. Қыстан сирағымыз сіңірімізге ілініп, әрең шықтық.
Қылтиып жаңа шыққан көкті жұлып жедік. Айша анамыз:
– Күн күркіремей жуа жұлып жемеңдер, уы бар, – дейді.
Күн қашан күркірер екен деп аспанға қарап, алақан жаямыз. Аспан алақанға ештеңе тастамайды. Аспан соқырдың ақшел басқан көзіндей бедірейеді де тұрады.
Бір күні қарындасым Құрмаштың қолынан жетектеп, екінші ауылдағы Қайырқұлдың үйіне бардық. Бір үзім нан, бір уыс талқан берер ме екен деп.
Қайырқұл бастық:
– Кет, айда! – деп қуып жіберді.
Жұдырығым томпаяды.
Бұл не екен деп қарасам, тас екен.
Қайырқұл ас орнына тас салып жіберген бе?Аң-таң болып тұрып, әлгі тасты Қайырқұлдың үйіне қарай құлаштап тұрып лақтырып жібердім.
Тасты жерден қашан, қалай алғаным есімде жоқ.
Бір кем дүние.

Бір тостаған жасымық

Жаның жәннатта болғыр, Жолболды деген кісі өтті дүниеден.
Мен Шанышқылы ауылынан жаяу келе жатқанымда, артымнан атты біреу қуып жетті. Жолболды атам екен.
– Қайдан келе жатырсың? –
– Әдия әпкемнің үйінен… Үйінде жоқ. Қырғыз жаққа кетіп қалыпты, – дедім.
– О, дүние жалған, – деп қойды Жолболды ата. – Әдия әпкең Күнікей апаңа тартқан ғой. Ай, бірақ Күнікей апаңды сен көрген жоқ шығарсың. Ұлы апаң Күнікей бүкіл ауылды асырады ғой. Бердімбет бабаң қайтыс болғаннан соң бүкіл мал мүлік Күнікей апаңның қолында қалды. Жарықтық, «бай бәйбіше» атанды. Малы жоқтың алдына мал салды. Қатыны жоққа қалың малын төлеп, қатын алып берді. Әулие апаңның жақсылығын мен де көріп едім, – деп Жолболды ата ауылға жеткенде мені аттан түсіріп, көйлегімнің етегіне қоржынынан бір тостаған жасымық салып берді.
Үйге жеткенше бір уыстайын шикідей жеп қойдым. Қалғанын огородқа егіп тастадық. Күзде содан бір қаптай дән алдық. Аштықта жеген құйқаның дәмі таңдайдан кетпес.
Осы есіме түскенде Жолболды есімін дұғаға қосып қоямын. Менен басқа еске алар кім бар?
Бір кем дүние.

(Жалғасы бар).

Поделиться ссылкой: