Ботулизмнің алдын алу
22 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Қазіргі қоғам арасында «Медиация деген не?» «Ол қашан, қалай пайда болған?» деген сауалдар кең көлемде талқыға түсіп келеді. Оның мән-мағынасын жан-жақты ашу үшін мен бүгін қолыма қалам алып отырмын. Медиация сөзі ағылшын тілінде кез келген дауды оған қатысы жоқ үшінші адамның, яғни медиатордың араласуы арқылы альтернативті түрде реттеу деген мағынаны білдіреді. Демек, медиатор дегеніміз – жанжалдасушы немесе дауласушы тараптардың арасындағы даулы мәселелерді олардың өздерін қатыстыра отырып, тараптарға тиімді жағдайда шешуді жүзеге асыратын маман. Жалпы, медиаторларды «Бітімгер» деуге әбден болады. Ел сыйлайтын, беделді, сөзге шешен ақсақалдар араласып, араздасқан екі жақты мәмілеге келтіріп, ауызша келісіммен айыбы болса, төлетіп, бейбіт жағдайда мәселені шешеді.
Медиация тарихы тереңде жатыр. Адамдар арасында алғашқы дау қай кезде туындаса, бітімгершілік те сол ерте заманда пайда болған. Сондықтан бұл әдіс алғашқы қауымдық құрылыс дәуірінен бері келе жатыр десек те болады. Тарихшылар медиацияның түп тамырын ежелгі Финикия мен Вавилоннан тапқан. Өйткені, оларда сауда жақсы дамыған болатын, соған байланысты дау-дамайлар да тыйылмайтын. Бітімгершілік мәселесі Грекияда, ежелгі Римде де дамыған.
Медиация қазаққа жат ұғым емес. Қазақ халқының тарихында да бітімгершілік көне замандардан бері бар. Аңыз-ертегілерімізден бастап, батырлар жырларында да дауласушы, жанжалдасушы тараптарды бітімгершілікке шақырушы билер болған. Билер араздасушы екі жақты қатыстыра отырып дауды зерттеп, бітім айтып, екі жақты татуластырып отырған.
Ал енді еліміздегі ««Медиация туралы» Заңның қоғамдағы алатын орны қандай?» деген сауалға толыққанды жауап іздеп көрелік. Еліміздің құқықтық саясат тұжырымдамасында азаматтық сот ісін жүргізуге қатысушылардың құқықтарын барынша іске асыру, жеке адамның бұзылған құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекет мүддесін дер кезінде қорғау және қалпына келтіру мақсатында бірқатар іс-шаралар қамтылған. Оның ішінде, жеке құқықтық дау-шаралар тараптар арасындағы ымыраға қол жеткізудің сот және соттан тыс тәртіппен қолданылатын түрлі жолдары мен әдістерін белгілеуге бағытталуы мүмкін әрекеттер де көрініс тапқан болатын. Осыған орай 2011 жылдың 5 тамызынан бастап Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы күшіне енді. Бұл Заңның басты мақсаты – дауды шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету болып табылады. Бұл Заң бүгінгі таңдағы құқық және сот саласына арналған заңдардың ішіндегі шоқтығы биік құжат деп айтуға болады. Заңда дәйектеліп отырған екі тараптың өзара мәмілеге келу мәселесі айыпты жеңілдету немесе оған жаза бермеу біздің ата дәстүрімізде болып келген үрдіс. Кішігірім қылмыстар болған кезде, екі адам бір-бірімен ренжісіп қалады немесе ол адамның затын пендешілік пиғылмен ұрлап, жаза басуы бек мүмкін. Сондай-ақ, адам біреуге байқамай былапыт сөз айтып, оның намысына тиюі мүмкін. Ашу үстінде ауыр сөз айту жеңіл болғанымен, басқаға қатты тиетіні белгілі. Осының бәрін заңға салып қарайтын болсақ, қылмыс болып шығады. Сол секілді берген арызын қайтарып ала алмай жүретін азаматтық даулар болады. Осындай келіспеушілердің нәтижесінде адамдар бірін-бірі сотқа сүйреп, әуре-сарсаңға салып жатады. Күні бүгінге дейін азаматтардың түсініспеушілігінен туындаған осындай дау-дамайлар, жанжалды мәселелер тараптардың сот билігіне жүгінуі арқылы шешілуде.
Өмір тәжірибесінің өзі көрсетіп отырғандай, кез-келген мәселенің сотта қаралуы бір күнде немесе бір аптада шешіле қоюы екіталай. Ал «Медиация туралы» Заң кез келген азаматтық келіспеушіліктерді айлап, апталап қарамай-ақ, керісінше, істің күрделілігіне қарай бір-екі сағатта немесе бір күнде шешуге жол ашады. Бұл ең алдымен, азаматтардың онсыз да жетпей жатқан алтын уақыттарын жоғалтудан сақтайды. Қос тараптың бітімге келуі – уақыт үнемдеудің де балама тәсілі. Бітімге келу адам құндылықтары мен көзқарасының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетері анық. Дауды шешудің төте жолы – бітімгерлік екенін әрбір азамат білгені жөн.
Серікбай Өтегенов,
аудандық билер кеңесінің төрағасы.