Жолдауға қолдау

514 Views

 ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА ҚОЛДАУ КӨП

 Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын тікелей эфир арқылы тыңдап, ерекше ықыласпен қабылдадық.

Елбасы ең басты мәселелердің маңыздысы ретінде халық табысының өсуі туралы жан-жақты талдама жасады, бірқатар тапсырмалар беріп, ұсыныстар айтты.Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни, 28 000-нан 42 000-ға дейін арттыруды тапсырды. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 000 қызметкердің еңбекақысын көбейтіп, орта есеппен 35 пайызға өсуіне жағдай жасауды ұсынды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзартудың басымдығын дәлелді негізде атап өтті. Бұл бағдарлама жаңа жұмыс орнын ашуға, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, салық түсіруге мүмкіндік беретінін ұғындырды.

Халықтың өмір сүру деңгейінің артуы білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге тығыз байланысты екендігіне айрықша тоқталды. Жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы өзекті проблемаларды шешудің тиімді жолдарын қарастыруды ұсынды. «Инфрақұрылым адамдарға» моделінен «адамдар инфрақұрылымға» моделіне бірте-бірте көшу, мемлекеттегі мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «кедергісіз орта» қалыптастыруға зор мән берілуі – Елбасының халық тұрмысын европалық және әлемдік стандартқа негіздеуге деген батыл қадамы.Тиімсіз шығындарды оңтайландыру және басшылық құрамын қысқарту есебінен төменгі және орта буындағы қызметкерлердің жалақысы 2-2,5 есе өсіру, ең бастысы – жалақыны көбейту ғана емес, жұмыстарының тиімділігін арттыру қажеттігін баса айтты. Елбасының халыққа Жолдауындағы басқа да айтылған мәселелер мен тың шешімдерін өте орынды деп санап және халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп отырғандығын сезіндік. Елбасының берген тапсырмалары мен ұсыныстарын жергілікті жерде орындалуын қолдап, әлеуметтік саланың жақсаруына өз үлесімізді қосатын боламыз.

Б.ШАМАЕВ,

аудан әкімдігі жұмыспен қамту және

әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы.

Поделиться ссылкой: