Қомақты қаржы бөлінген құқық қорғау саласы сенімді ақтай ала ма?

342 Views

Шыны керек, соңғы жылдары құқық қорғау саласына ауыз толтырып айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Оны ондағы жағымды жаңалықтардан, қолға алынған баянды бастамалардан анық аңғаруға болады. Бұл өзгерістер қағазбастылықтан арылу, процестерді оңтайландыру, жалақының өсуі мен басқа да шаралардың оң динамикасының қалыптасуына өз септігін тигізуде. Кезінде әлеуметтік жағдайға, жалақының аздығына байланысты жұмыстан өз еркімен босағандар бүгінде аталмыш салаға қайта оралуда. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, республика бойынша полицияға жұмысқа келгісі келетіндердің саны 42%-ға, қызметке қайта қабылданғандардың саны 75%-ға жеткен. Бұл туралы жуырда ауданға арнайы келген облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Үдергенов мәлім етті. Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен жиынға департамент басшысының орынбасарынан бөлек аудандық полиция бөлімінің басшысы Шалқар Дәулетқұлов бастаған жеке құрам түгелдей қатысты. Сондай-ақ, жиынға аудандық полиция ардагерлерінің төрағасы Еділхан Жақсығұлов та құрметті қонақ ретінде шақырылған. Бірден айта кетейік, бұл жиында өткен жылда атқарылған жұмыстар, кемшін кеткен тұстар жан-жақты талқыға салынды.
Ең алдымен аудан аумағында атқарылған жұмыстарды аудандық полиция бөлімінің басшысы Шалқар Аяпбергенұлы жіпке тізді. Түрлі республикалық акциялардың орындалуын, оның нәтижесін баяндаған ол ортақ мәселелерді ортаға салды. Дегенмен, департамент басшысының орынбасарына ауданның бас полицейі мәлімдеген мәліметтердің кейбір тұстары мүлдем ұнаған жоқ.
– Жұмыс жоқ деп айтуға келмейді. Бар. Бірақ, жіберілген кемшіліктер өте көп. Соттылығы бар азаматтардың қайта қылмысқа баруы, жол көлік оқиғаларының жиілеуі және аталмыш апаттың кесірінен қайтыс болғандар көрсеткішінің 200 пайызға артуы, айыппұлдарды өндіру ісінің төмендігі, Қаңтар оқиғасы кезінде қолды болған қару-жарақтардың аудан аумағында табылмауы баршамызды алаңдатады. Мемлекет басшысы бізге үлкен сенім артып отыр. Сеніммен қоса сала мамандарының әлеуметтік жағдайына да баса назар аударуда. Дәл қазіргі таңда жаяу жүрген бірде-бір учаскелік полиция инспекторы жоқ. Су жаңа көлік, жақсы жалақымен қамтылып жатырсыздар. Ал енді неге жұмыс көрсеткіші көңіл көншітпейді? – деген Бауыржан Арынұлы бөлім басшысынан, орынбасарлардан, жауапты мамандардан есеп алып, аталмыш мәселелерге кеңінен тоқталды.
– Мәселен, аудан әкімдігі былтыр сіздерге 27 млн.теңгеге жуық қаржы бөлген. Бұл қаржы материалдық базаны дамытуға бағытталғаны белгілі. Бірақ сіздер тіпті айыппұлдарды өндіру бойынша да осы сомманы жергілікті әкімдікке қайтарып бере алмағансыздар. Бар өндірілген қаржы көлемі 25 млн-нан әрең асып жығылады. Бұл – бір. Екіншіден, Қаңтар оқиғасы кезінде облыстық департаменттен біршама қару қолды болды. Оның 300-ге жуығы әлі табылған жоқ. Біздіңше оның бәрі тек Таразда ғана қалып қоймай, шалғай елді мекендерге де әкетілді деген күдік бар. Ал сіздердің аудандарыңызда өткен жылдың ішінде бірде-бір қару табылмаған. Бұл жағдай жұмыстың жүйелі жүргізілмеуінен орын алып отыр. Егер де алдағы уақытта таулы аймақтарда заңсыз сақталған қару атылатын болса, сол ауылдың инспекторы бірден жұмыстан босатылатын болады. Ал керісінше учаскелік инспектор сол қаруларды табатын болса, 5 айлық жалақы мөлшерінде қаржылай қолдауға ие болатынын да айта кетейін. Үшіншіден, аудандарыңызда ұрлық ісі бойынша да жағдай мәз емес. Қылмыстың ашылу деңгейі де төмен. Пәтер және мал ұрлығы, қарақшылық, тонау, интернет-алаяқтық істеріне баса назар аудару – аса маңызды. Ұрлық ісі көп орын алатын округ инспекторларына тиісті жаза тағайындау керек, – деген Үдергенов бөлім басшысы Шалқар Дәулетқұловтан уәде беріп, үдеден шыға алмай жүрген учаскелік инспекторлардың кімдер екенін сұрады.
Шалқар Аяпбергенұлы көп кідірген жоқ. Былтыр мал иелерінің жауапсыздығынан 46 бас төрт түлік қолды болғанын, оның 36-сы кері қайтарылғанын, ұрлықтың басым бөлігі Ақыртөбе ауылдық округі зонасында жиі болатынын жеткізіп, жауапты инспекторларды орнынан тұрғызды. Қылмыстың алдын ала алмаған учаскелік инспекторларға көңілі толмаған Бауыржан Арынұлы:
– Учаскелік инспекторлар құқық саласында үлкен рөл атқарады. Сондықтан да оларға тиісті деңгейде көңіл бөлінуде. Жеке көлік, көңілге қонымды жалақылары бар. Мұның бәрі жұмысқа ынтамен кірісуге, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған. Шалқар Аяпбергенұлы, өз міндетін дұрыс деңгейде атқара алмаған инспекторларға қатаң түрде жаза қолдануыңызды сұранамын. Қазір кадр мәселесі толығымен шешілген. Сондықтан олардың орнын толтыратын мамандар жетерлік, – деп жиын хаттамасы арқылы бірқатар жауапты мамандарға жаза ретінде ескерту, сөгіс берді.
Сөз соңында аудандық полиция бөліміне жаңа көліктер берілгенін, басшылық және жеке құрамның жалақысы 30, 50, 61 пайызға дейін артқанын айтты. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар өз жалғасын табатынын, сала қызметкерлері кезең-кезеңімен қажетті құрал-жабдықтармен қамтылатынын жеткізді.
Ал құрметті қонақ ретінде жиынға қатысқан аудандық полиция ардагерлерінің төрағасы Еділхан Жақсығұлов болса жасалып жатқан жұмыстарға ерекше көңілі толатынын және жеке құрам мүшелері артылған жүкті лайықты арқалап, ақтайтынына үлкен сенім білдірді.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: