Мұхит асқан тұңғыш хоккейші ару
Қазақтар кез келген спортқа бейім. Мәселен, «Хоккейді тек канадалықтар ойнайды» деген қағида бар ғой. Мүлде олай емес. Хоккейді қазақтарда ойнай алады. Жуырда ғана бүкілдүниежүзілік универсиада да қола жүлде еншілегеніміз бұл сөзімізге айқын дәлел бола алады. Осы орайда «Бұл спорттан аруларымыздың қандай көрсеткіштері бар?» деген сауал туындауы мүмкін. Оған да жауап дайын. Айталық, Бұлбұл Қартаңбаева. Бұлбұл тек Қазақстанда ғана емес, әлемге танымал спортшы. Ол жастайынан хоккейге қатысып, Ұлттық құрамада да сәтті өнер көрсетті. Қазір – бапкер.
Бұлбұл Қартаңбаева – біздің жерлесіміз. Оны біреу білсе, біреу білмейді. Ол Көгершін ауылындағы Ақтоған орта мектебінде бастауыш сыныпта оқып, кейіннен Алматыда білім алды. Ауылда қайдағы хоккей?.. Бәрі сол Алматыдан бастау алған.
Жерлесіміз Бұлбұл Қартаңбаева арулар арасында АҚШ-тың Ұлттық хоккей лигасында (NWHL) ойнаған тұңғыш отандасымыздың бірі болып тарих жылнамасына жазылды. 2019 жылы хоккейші ару АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы Монмут Джанкшен қаласының «Метрополитен Риветерс» клубымен келісімшарт жасасқан еді. 2018 жылы Канаданың Оңтүстік Альберта лигасындағы «Калгари Койотс» клубында 21 матчта 29 (8+21) ұпай жинап, қазақстандық хоккейші үйеңкі жапырақты еліндегі жанкүйерлердің жұздызды ойыншысына айналғанын сол жылдары газет біткеннің бәрі жарыса жазды. Кейіннен АҚШ-та бапкер болды. Бұл да сан мәрте жазылды. Бұлбұл Қартаңбаева ішкі біріншілікте елордалық «Томирис» және алматылық «Айсұлу» командаларында сәтті ойын өрнегін көрсете білді.
Бұлбұл Қартаңбаева өзінің «Instagram» әлеуметтік желісіндегі парақшасында ұдайы татулық, бірлік жайында көп жазады. Былтыр өткен Қазақстан Республикасының Президенті сайлауында да өзінің белсенділігін көрсетті. Сол себепті де оған жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хаты табыс етілді.
Бұлбұл қазір – Швейцарияда. Жақында Бұлбұл Бақытқызына бұл марапатты Қазақстанның Швейцария еліндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Қайрат Саржанов арнайы қабылдап, табыс етті.
Марат Диханбай.