ҚҰРМЕТТІ РЕФЕРЕНДУМҒА ҚАТЫСУШЫ!
13 ViewsҚҰРМЕТТІ РЕФЕРЕНДУМҒА ҚАТЫСУШЫ! Егер Сіз 2026 жылғы 15 наурызда дауыс беру күні өзіңіздің тіркелген жеріңізден тыс жерге баратын болсаңыз, қалай дауыс бере аласыз? Ол…
Жаратушы Алла өзінің құлдарына ерекше мейірімді. Пенделерін түрлі нығметтермен бөлеген. Сол үшін де оның берген әр күні мен әр айларынан өнімді түрде пайдаланып қалуымыз керек. Сол бір айларының ішінде өте жоғары құрметтердің біріне айналған айы, ол – Ережеп айы. Біз бүгін осы Ережеп айының артықшылықтары жөнінде аз ғана шолу жасап кеткенді мақұл санадық. Ережеп айы діни айлардың жетіншісі болып саналады. «Ұлықтау», «Құрмет жасау» деген мағыналарды білдіреді.
Сахабалар Рамазан айынан кейін ұстаған оразаларының қабыл болуын Алла Тағаладан сұрайтын болған. Ал енді, ережеп айы кірген кезде, алдында келе жатқан Рамазан айына да аман-есендікпен жетулерін сұрайтын болған. Бұл жайында Алла Елшісі с.ғ.с.: «Уа, Аллаһым, Ережеп пен Шағбан айларында біздерге береке бергейсің және біздерді Рамазан айына да амандықпен жеткізгейсің!» – деп дұға ететін. (Хадисті Әнәс ибн Мәликтен Имам Бәйһақи риуаят етеді).
Дұғаның оқылуы: «Аллаһуммә бәрик ләнә фи рәжәбин, уә шағбәнә, уә балиғнә илә рамадана». Демек, Ережеп айы кірген кезде бұл дұғаны оқып жүру сүннет амалына жатады. Өйткені, бұл айда көптеген тарихи оқиғалар орын алған. Мысалы:
– Нұһ пайғамбар топан су басталған кезде ережеп айының бірінші күні кемесіне мінген;
– Пайғамбарымызға с.ғ.с. ең алғашқы уахидің (құран аяты) түсуі ережеп айында орын алған;
– Миғраж түні осы айда орын алған;
– Бес уақыт намаз осы айда парыз етілген тағысын тағылар.
Ережеп айында нәпіл ораза ұстау – сауапты істерден болып табылады. Біздерден алдыңғы өткен салихалы мұсылман қауымдары бұл айды Рамазан айына дайындық айы деп санап, көбірек ораза ұстаумен өткізген.
Танымал табиғин Әбу Қиләбә ережеп айы жайлы былай деген: «Ережеп айында ораза ұстаған пенде үшін жұмақта бір сарай бар!». Ғұламалардың айтуына қарағанда, бұл ай ғибадаттың дәні себілетін, шағбан айында суарылатын, рамазан айында еккенін оратын ай болып саналады. Сол үшін де басқа да кейбір әулие-машайықтарымыз: «Ережеп – самал желге, шағбан – бұлтқа, Рамазан айы жауын-шашынға ұқсайды» – деп, терең мағыналы өз ойларымен өрнектеген екен. Бұл ай ғалымдардың пікірлерінше, ғибадатқа терең құлшыныс танытатын, көбірек тәубе ететін ай екен. Сонымен әңгімемізді қорытындылар болсақ, бұл ай рамазан айына дайындық айы іспеттес. Имандарымызды әркез қуаттап, алдағы төбесі көрінген Рамазан айына терең ыждаһаттылықпен кіруді Жаппар Иеміз баршамызға нәсіп етсін!
Үмбет Сабырханов,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы,
Луговой ауылы.