Тұрғындар тілегі қандай? Көше кезген иттер, қымбатшылық, көше жарығы және бала қауіпсіздігі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың №826 Жарлығында айтылған тапсырмалар бүгінде аудан аумағында жүйелі түрде жүзеге асуда. Тұрғындардың тілегіне құлақ түруге ұмтылған аудан әкімі Ернар Есіркепов шамамен бір айдың ішінде алты бірдей округті аралап, сондағы тұрғындарды мазалаған мәселелерді ой елегінен өткізіп үлгерді. Жыл басынан бері Ақниет, Ақыртөбе, Жаңатұрмыс, Қарақыстақ, Қорағаты мен Ақбұлақ ауылдық округтеріне барған аудан басшысы тізімді тағы екі ауылға ұлғайтып, бұл жолы Абай және Луговой ауылдарындағы тұрғындармен кездесті.
Алдымен Абай ауылдық округінде өткен кездесуде аудан басшысы 2022 жылы жүзеге асқан істерді баяндап берді. Әсіресе, аталмыш ауылдық округтің аумағында жүріп жатқан пилоттық жобаның жай-жапсары жөнінде кеңінен әңгіме өрбіді. Қанатқақты жобаға қол жеткізу үшін округтің 150-ге жуық адамы өтініш білдірген екен. Оның 60-тан астамы қажетті қаражатқа қол жеткізіп те үлгеріпті. Ауылда «Ынтымақ – 2022» кооперативі құрылып, құны 59 млн. құрайтын 9 дана ауылшаруашылығы техникасын сатып алу көзделуде. Жоспарлы жұмыстар әлі де жалғасатын болады. Бұдан бөлек ауылда ағымдағы жылы Жастар көшесіне асфальт төселіп, тау суын ауылға жеткізу мақсатында «Қарақат» өзенінің құбырлары ретке келтірілмек. Бұл туралы аудан әкімі өз баяндамасында сөз етті.
«Сұрақ-жауап» кезеңінде абайлықтар аудан басшысына көп сауал жолдаған жоқ. Тек жайылым, арық-атыздарды тазарту және пилоттық жобаға қатысты бір-екі сауал жолдап, тұшымды жауап алды.
Ал Луговойда өткен жиында көше кезген иттердің көбеюі, азық-түлік бағасының қымбаттауы, Смат Есімов көшесінің басында орналасқан Тоқтағұл Қуанышбекұлы атындағы орталық көшені жарықтандыру, Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицей оқушыларының қауіпсіздігі төңірегінде сауалдар қойылды. Аталмыш сұрақтардың барлығына жауап берген аудан басшысы үстіміздегі жылы Луговой ауылында жүргізілетін жұмыстарды да жіпке тізіп берді.
– Биыл ауылдарыңызда бірқатар бастамалар жүзеге асатын болады. Ол үшін бюджеттен 156 млн. теңге көлемінде қаржы бөліп отырмыз. Былтыр ауылдарыңызға жаңа спорт кешені салынса, ағымдағы жылы мәдениет үйлеріңіз жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, заманауи үлгідегі Street Workout пен теннис үстелдері бар футбол алаңы орнатылатын болады. Айта кетейік, одан бөлек вокзал маңын абаттандыру Ә.Райқұл және Пушкин көшесіне жарық орнату, Кең дала көшесіне электр желісін жүргізу жоспарымызда бар, – деді Ернар Есіркепов.
Аудан әкімі жиын соңында тұрғындарды жеке де қабылдады.
Жәнібек Сұлтан.