Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
26 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Өмірбаяны
Утеулиев Нұрсұлтан Бахытжанұлы 1990 жылдың 17 тамызында Жамбыл облысы, Қаратау қаласында дүниеге келген. 1997 жылы Кұлан ауылының орталығында орналасқан №1 лицей-мектебіне барып, 2006 жылы Алматы теміржол көлігі колледжіне оқуға түскен. Онда «Тасымалды ұйымдастыру және темір жол көлігіндегі қозғалысты басқару» мамандығы бойынша білім алып, аталмыш оқу орнын сәтті аяқтаған. 2010 жылы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясына сырттай құжат тапсырып, 2011 жылы қыркүйек айында «Қазақстан темір жолы – жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «ЖТ-Жамбыл бөлімшесі» филиалы Малдыбай станциясына станция кезекшісі болып жұмысқа орналасқан. 2012 жылдың 5 қаңтарында «Қазақстан темір жолы – жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «ЖТ-Жамбыл бөлімшесі» филиалының Түрксіб станциясына ауысқан. Сол жылдың қаңтар айынан бастап осы күнге дейін аталмыш станцияда жұмыс істеп келеді.
Сайлауалды бағдарламасы
Құрметті сайлаушылар! Егерде мен сайлаушылардың сеніміне ие болып, жеңіске жететін болсам, ең әуелі округ әкімінің құзіретін пайдалана отырып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын дамыту және жақсарту бағытында тұрақты жұмыстарды атқаратын едім. Ол үшін жергілікті өзін-өзі басқару ісін дамыту бағытында тыңғылықты жұмыс жасап, жергілікті қауымдастық, ардагерлер Кеңесі, отбасы және әйелдер ісі Кеңесі, жастар ісі сияқты қоғамдық ұйымдардың жұмысын дамыта отырып, жергілікті жерде қоғамдық бақылауды енгізу арқылы ауыл тұрғындарының ықпалын арттыруға қол жеткізетін едім. Сондай-ақ, төменгі пайызды несиелер арқылы ауылдарда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін бар күш-жігерімді жұмсайтын едім. Бұл – бір. Екіншіден, ауыл тұрғындары табысының артуы тікелей қолда тұрған төрт түлікке де байланысты. Осыған орай мал басын асылдандыру, бордақылау алаңдарын ашып, шаруашылықтың тиімділігін арттыру мақсатында кооперативтер құруды көздеймін. Өндірілген өнімді өткеру, делдалсыз саудаға салу жұмыстарына баса мән берер едім.
Шалғай ауылдың негізгі тірегі мектеп болғандықтан, мектептің тұрақты жұмыс жасап, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге өз тарапымнан ықпал жасайтын едім. Жөндеуді қажет ететін білім ошақтарын қайта қалыпқа келтіру, заманауи құрылғылармен қамтылуын қадағалайтын боламын. Сонымен қатар, мектеп жасындағы және мектепке дейінгі балалардың тәрбиесіне үлкен мән бере отырып, олардың жазғы демалысын ұйымдастыру, ыстық тамақпен қамтылуына ерекше назар аударатын боламын.
Құрметті сайлаушылар! Алдағы уақытта әлеуметтік көмек көрсету, аз мөлшерде қамтамасыз етілген отбасылардың, қарттар мен мүгедектердің тұрмыс жағдайларын түзеу, мұқтаж жандарға көмек ұйымдастыру, ауыл мәдениетін дамыту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары да менің тікелей назарымда болады.
Республикалық бюджеттен сайлауға бөлінген қаражат есебінен төленді.