Жеңіс туы желбіресін!
95 ViewsЖуырда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Жеңіс туы желбіресін!» байқауының гала-концерті өтті. Іс-шараны Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық…
Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар
Өмірбаяны
Қораласбаев Ержан Шамшабекұлы 1976 жылдың 14 қаңтарында Жамбыл облысы, Луговой ауданы, (қазіргі Т.Рысқұлов ауданы) Карл Маркс колхозы, Подгорное ауылында (қазіргі Құмарық ауылы) дүниеге келген. Ұлты – қазақ.1993 жылы Карл Маркс атындағы (қазіргі Болтай батыр) орта мектебін үздік бітірген. 1997-2001 жылдар аралығында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, аталмыш жоғары оқу орнын «Экономика және құқық негіздері» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2018 жылы Орталық Азия университетін «Заңтану» мамандығы бойынша бітірген. Білімі – жоғары.
2001 — 2006 жылдар аралығында «Аян» шаруа қожалығында есепші қызметін атқарған. 2006-2008 жылдар аралығында «Аян» шаруа қожалығы басшысының ішкі жұмыстары мен сыртқы коммерциялық-қаржылық қатынастарын үйлестіруші жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. 2009-2014 жылдар аралығында Жамбыл облысы бойынша «Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті» қаржы полициясында қызмет атқарған. 2014-2017 жылдар аралығында Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Экономикалық тергеу қызметі» органында қызмет атқарған.
2017-2018 жылдар аралығында «ГРУПП ЧЕТЫРЕ» ЖШС-нің Жамбыл облысы бойынша өкілдігінің директоры қызметін атқарған. 2018-2019 жылдар аралығында «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС-нің автотранспорт базасының бастығы қызметін атқарған. 2019 жылдан бері «Құлан-Энерго Жылу» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны басшысы қызметін атқарып келеді.
Отбасылы. 1 ұл, 4 қызы бар.
Сайлауалды бағдарламасы
Қадірменді жерлестер! «Депутат» ұғымын көпшілік «мансап», «дәреже» деп қабылдайтындығы анық. Шын мәнінде, депутат – бұқара мен билік арасындағы көпір. Депутат халықтың проблемасы мен мұқтажын жергілікті атқарушы органға уақтылы жеткізуші. Егер мен аудандық мәслихат депутаты атанып жатсам, бұл мен үшін – үлкен жауапкершілік. Менің сайлауалды бағдарламам бос уәде беру емес, мәселелерді дер кезінде көтеруге, шешу жолдарын уақтылы қарастыруға негізделген. Халықтың әл-ауқатын жақсарту, өмір сүруге қолайлы жағдай жасау, сапалы білім, әлеуметтік, экономикалық, нарықтық, инженерлік, цифрлық, инновациялық инфрақұрылым жобаларды нақтылап іске асыру, жастар мен балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелерін атқарушы органдармен бірлесе қамтамасыз етуге бағытталған. Тәрбие, білім және ғылым қатар жүру қажет. Себебі Әбу Насыр әл- Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген екен.Аталған міндеттердің орындалуы үшін төмендегідей шаралардың жүзеге асуына ықпал етуді жоспарлап отырмын.
1. Бақуатты өмір, лайықты жұмыс пен еңбек жағдайы. Қазақстандағы әр отбасы бақуатты өмір сүруге тиіс. Менің күш-жігерім әр азаматтың әл-ауқатын жақсартуға, табысын арттыруға бағытталады. Мен азық-түлік, киім-кешек, баспана, білім мен медицина сияқты күнделікті қажеттіліктің қолжетімді бағада болуын қамтамасыз етуге атсалысамын.
2. Сапалы білім мен медициналық қызмет. «Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деп Мағжан Жұмабаев өткен ғасырда айтқан. Мұғалім – нағыз ұстазға айналу қажет. Балаға өнегелі тәртіп пен құқықтық тәрбие бере білу – өлшеуі жоқ қазына. Отандастарымызды мектеп оқушысының, мұғалім мен дәрігердің жүктемесі, білім мен медицина саласындағы олқылықтар толғандырады. Азаматтарымыз білікті дәрігер қабылдауын әлі де ұзақ күтуге, ота жасату үшін сабылып, квота іздеуге мәжбүр. Мен барлық қордаланған мәселелерді шешуге тырысамын. Шынында, сапалы білім беру мен денсаулық сақтау қызметі еліміздің әрбір тұрғыны үшін қолжетімді болуға тиіс. Жас буынды тоқыған білімі арқылы ғылыммен айналысуға жетелеп, тұрғылықты жерімізде зауыт, фабрикалар салып, өндіріс орындарын ашып, ауылымыздың көркеюіне ықпал жасаймын.
3. Түлеген ауыл, ауқатты ауыл тұрғыны. Ауыл – қазақ жерінің өзегі. Ауыл тұрғындарының болашаққа деген сенімін, ерік-жігерін, даму қуатын арттыру қажет. Ауыл экономикасын көтеріп, ауылдық жерде еңбек ету абыройлы әрі пайдалы болатындай жағдай жасау қажет. Ауыл тұрғындарына өмір сүруге қолайлы тұрмыс деңгейі мен еңбек жағдайын жасап, баршаға түсінікті стандартпен нормативтердің негізінде ауыл тұрғындарының инфрақұрылымға, білімге, медицинаға қол жеткізуін қамтамасыз ету. Өсімдік, егін, мал шаруашылығында да өнімділікті арттырып, шикізатты өңдеу дәрежесін көтеруіміз керек. Мұны жүзеге асыру үшін барлық өндіріс тізбегін қолға алуымыз қажет. Кәсіпкерлікпен айналысу үшін ауданымыздың әр азаматына мемлекет тарапынан зерделеніп жасалынған бағдарламаларды, көрсетілетін қолдаулар мен биылғы жылдан бастап жеңілдетілген 2,5 пайызбен берілетін несиені алу жолдарын, жұмысы жоқ халықтың несиеге қалай қол жеткізуге болатынын және кәсіп ашу үшін қандай талаптардың бар екенін түсіндіріп жеткізуді қамтамасыз ету. Әрбір ауыл кәсіпкерінің табиғи ресурстарды басқару жөніндегі мемлекеттік платформасын оңай бақылауын қамтамасыз ете отырып, деректерді бұрмалауға, жерді пайдалану мәселесінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу. Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханұлының«Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген мазмұны терең сөзі қанша заман өтсе де өзектілігін жоймай, мәні арта түсуде. Міне, осы қағиданы ұстана отырып, Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихатының депутаттығына сайлауға түсудемін. Сайлауда маған сенім артып, қолдасаңыздар деймін. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» өзімізге және ұрпағымызға қолайлы жағдай жасайтын уақыт жетті.
Таңдау жасау – өз қолыңызда!
Республикалық бюджеттен сайлауға бөлінген қаражат есебінен төленді.