Жақсы адам

385 Views

(Портрет)

Кейбір адамдар туралы мақала жазғанда тақырыпты мың құбылтуға тура келеді. «Сол тақырыпқа лайық па, лайық емес пе» деген сан түрлі ой келеді мына шақша басқа. Ал, бір адамдар болады, сен ол адам туралы мақала жазарда тақырыпты мүлде ойламайсың. Жазу барысында кейіпкеріңнің адами болмысын аша түскен сайын тақырыптың неше түрі ойға оралады. Осы мақаланы жазарда сондай күй кештім өз басым. Өйткені, ол – жақсы адам расымен де. Жақсы адамы кім деп отырған шығарсыз бәлкім, ол – аудандық «Құлан таңы» газетінің бас редакторы Өмірзақов Мұратбек Тоқсанбайұлы.

Мұратбек Тоқсанбайұлы сәуір айының 12-ші жұлдызы күні 63 жасқа толады. Бұл да бір үлкен абырой деп білемін. Ол жігіт желең кезінен бастап еңбекке араласып, жұмыстың ауырын да істеп, жоғары оқу орнында оқып, анау-мынау емес, КазГУ-да білім алып, жоғары оқу ордасын бітіргеннен кейін ұстаздық қызметте, содан соң мәдениет саласында, 2000-шы жылдары мемлекеттік қызметке келіп, аудан әкімі аппаратында еселі еңбек етті. Нақты сандарды сөйлететін болсақ, Мұрат Тоқсанбайұлы 1986 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетін «Физик-оқытушы» мамандығы бойынша бітіріп, 1986-2002 жылдар аралығында мектеп мұғалімі, ауданның мәдениет саласында және әртүрлі мекемелерде қызмет істеді. 2002-2017 жылдар аралығында Т.Рысқұлов ауданы әкімі аппаратында қатардағы қызметкер, бөлім басшысы, басқарма басшысы және аппарат басшысына дейінгі лауазымдарды абыроймен атқарды десек, қателеспейтін шығармыз. Ол 2017 жылдың соңында, яғни 15 желтоқсанда аудандық басылым «Құлан таңына» бас редактор болып тағайындалды.
Мінеки, содан бері 5 жыл дегеніңіз зу етіп өте шығыпты. Осы аралықта Мұрат Тоқсанбайұлының қызметкерлерге айғай салып, төмпештеп ұрысқанын көрген емеспін. Редколлегия болады. Әркім өз ойын айтады. Менде мынадай мақала бар дегендей. Бас редактор сөйлейді. Ешкімге шектеу қоймайды. Әріптестер де өз пікірлерін айтады. Оған бас редактор ләм-мим демейді. Өйткені, ол кез келген адамның өз ойын жеткізуге құқығы бар деп есептейді. Макет сызылады. Сосын оны беттеу басталады. Міне, жұмыс процесі осылай жүреді редакцияда. «Сен мынаны жаз деп те» қыстамайды. Демек, әрбір қызметкерге сенеді. Сондай сенімнен кейін, қалай жұмыс істемейсің енді. Осындай зор сенімнің, сосын бірлігі жарасқан шығармашылық ұжымның кәсіби біліктілігінің арқасында газет жарық көріп келеді.
Мұрат Тоқсанбайұлының бойындағы 3 қасиетті бөле-жарып жазғымыз келеді осы арада.
Біріншісі – қарапайымдылық. Ол расымен де қарапайым. Қазір ойлап отырсам, оған бұл қасиет әкесінен дарыған секілді. Тоқсанбай ақсақалды көзіміз көрді. Былтыр ғана өмірден озды. Дәмдес те болғанбыз. Ешкімге соқтықпай, ешкімді тілдемей, тек елдің тілеуін тілеп отыратын адамдар болады. Тоқсанбай ақсақал дәл сондай адам еді. Мұрат Тоқсанбайұлының көзқарасы да дәл әкесінікіндей. Ешкімге қастық ойламайды. Ешкіммен араздаспайды. Мүмкіндігінше, адам баласына жақсылық жасауға тырысады. Өмірдің мәні мен мазмұныда сол емес пе?..
Екіншісі – кішіпейілдік. Бұл да көбіне-көп кез келген адамда кездесе бермейді. Ал, бұл сипат Мұрат Тоқсанбайұлының бойында бар. Үлкенді – үлкендей, кішіні – кішідей сыйлай біледі. Редакциялық лездемеде тек газеттің шаруасы ғана айтылмайды. Кейде тақырып ауаны өмірлік пәлсапа жөніне де ойысып кетеді. Сондай бір сәттерде айтылған сөз деп қабылдасаңыздар болады. Енді өмірден түйгені көп азамат қой. «Көпке қадірім болсын десең, кішіпейіл бол» – деп сөйлеп еді сонда бас редактор. Санада жатталып қалған сөзді дәл бүгін жазудың орайы келіп тұр. Осыдан-ақ, оның расымен де жақсы адам екенін бағамдай берсеңіз болады.
Үшіншісі – адалдық. «Адам алдымен еңбектеп өседі, содан кейін еңбекпен өседі» деген екен ақын Қадыр Мырза Әлі. Осы мақаланы жазарда Мұрат Тоқсанбайұлының өмірбаянына зер салып шықтым. 1978 жылы Ақыртөбе ауылындағы 125 кәсіптік-техникалық училищесін тәмамдаған екен. Еңбек жолын «Жамбыл» қолхозынан, яғни механизаторлықтан бастапты. 1979-1980 жылдары әскер қатарында болып, азаматтық борышын өтеп келген. Яғни, әскерге барып, жұмыс істеп, еңбектің қадірін ұғынып барып жоғары оқу орнына түскен. 1986-2002 жылдар аралығында мектеп мұғалімі болғанын, ауданның мәдениет саласында және әртүрлі мекемелерде қызмет істегенін, 2002-2017 жылдар аралығында Т.Рысқұлов ауданы әкімі аппаратында қатардағы қызметкерден бөлім басшысы, басқарма басшысы және аппарат басшысына дейінгі лауазымдарды абыроймен атқарғанын жазып өттік. Ол қай қызметте еңбек етсе де, адалдықтан айныған жоқ.
Мұрат Тоқсанбайұлы аудандық газетке бас редактор болып тағайын­далған сәттен бастап, газеттің рейтингісі еш төмендеген емес. Керісінше бе­делі артып, оқырман іздеп оқитын материалдар жарық көруде. Бұл да бір кейіпкеріміздің баспасөздегі еселі еңбегі деп түйген жөн. Осы қызметке келгенде оны «сынағандардың» да табылғаны рас. Бірақ ол өзін қай қызметке салса да, ұршықтай иіріп кете алатын нағыз білгір маман ретінде көрсете білді.
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда «Құлан таңы» газеті облыстағы аудандық басылымдардың ішінде алдыңғы орындарда тұр. Оны жыл қорытындысында шығатын облыстағы рейтингтен аңғаруға болады.
Расымен де бүгінгі таңда аудандық газеттің көркемдік тұрғыдан келісті шығуына бірден-бір себепші адам болса, ол – Мұратбек Тоқсанбайұлы. Шығармашылық ұжым да бас редактордың қарым-қабілетіне дән риза. Біз осы мақалада ардагер журналист Сейсен Қожекенің де пікірін жазып алған едік. Ол өз сөзінде:
– Мүкең таза ниетті адам. Бойында ешқандай арамдық жоқ. Баян мен домбырада ойнағанда ол тіпті екіленіп кетеді. Мен зейнет жастан кейін де аудандық газетте еңбек еттім. Мүкең шығармашылық ұжымға еркіндік береді. Кез келген тақырыпқа қалам тербейсің. Тежеу қоймайды. Аудандық газет таралымының артып отырғандығы да осы Мүкеңнің абырой-беделінің арқасы. Мүкеңе зор денсаулық тілей отырып, бейнетінің зейнетін көруіне тілектестігімді білдіремін, – деді ардагер журналист.
Мұрат Тоқсанбайұлын әу баста адалдықтан айнымаған азамат деп жазған едік. Сейсағаңның сөзі де бұған дәлел. Қайткенмен де оның басты миссиясы – Отанға адал қызмет ету. Тақырыпты «Жақсы адам» деп қойғандағы себебімізде осы.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: