Ұмытып кетпе мені…
Өткен аптада аудандық орталық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен жерлес ақын, балалар әдебиетіне қомақты үлес қосқан зерделі журналист Совет Әлімқұловтың 85 жылдығына орай дәл осындай тақырыпта элегия кеші өтті. Айта кетейік, ақын, сақа журналист Совет Әлімқұловтың 85 жылдық мерейтойы ауданымыздың 85 жылдығымен де тұспа-тұс келіп отыр. Элегиялық кешке Совет Әлімқұловтың ұлы, сатирик, журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Жамбыл радиосының жетекшісі, ақпарат саласының үздігі Бақытжан Советұлы арнайы қонақ ретінде шақырылды.
Элегия кешінің шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев сөз сөйлеп, ашып берді. Әлібек Мамытжанұлы өз сөзінде балалар әдебиетіне қалам тербеген, шығармашылық процесте тынбай еңбек еткен арда азамат Совет Әлімқұловтың шығармалары әрқашан оқырман жадынан өшпейтінін сөз етті. Содан соң аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Мереке Айнақұлов та ақжарма лебізін білдіріп, Совет Әлімқұловтың жазу ерекшелігіне айрықша тоқталды.
Одан бөлек Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Хамит Есаман, ақын, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаев және Совет Әлімқұловтың інілері Абзабек және Исламбек Әлімқұловтар қатысып, естеліктер айтты.
Іс-шара барысында аудандық кітапхана қызметкерлері Совет Әлімқұловтың сағынышқа толы туған жер, өскен өлке жайлы, кітапхананың тұрақты оқырмандары ақынның балаларға арналған өлеңдерін жатқа айтып, жиналған көпшіліктің ризашылығына бөленді. Элегиялық кеште «Ұмытып кетпе мені», «Келші Құланға», «Тағы да келді бір көктем» әндері де шырқалды.
Сатирик, журналист Бақытжан Советұлы әкесі жайлы өз естеліктерімен бөлісіп, кітапхана ұжымына алғысын білдірді. Өзінің кітаптарын аудандық кітапхана ұжымына сыйға тарту етті. «Балалар әдебиетінің алыбы» көрме инсталляциясы мен «Адал да абзал ақын» атты фотокөрме ұйымдастырылып, көпшілік қауымға таныстырылып, «Көзмоншақ» кітабына шолу жасалды.
Марат Жолдасбекұлы.