Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды
1941 жылдың маусым айының 21-ші жұлдызы күні таңғы сағат 4:00-де ұлы диктор атанған Левитанның дауысы кең байтақ советтер одағын шарлап, «Соғыс» деген жайсыз хабарды жеткізді. Содан бері сынаптай сырғып 82 жыл өте шығыпты. Арада 4 жыл өткен соң жеңіс туы желбіреп, қан құйлы фашистер өз апанында тұншықты.
Бұл күн тарихта Жеңіс күні ретінде алтын әріппен жазылып қалды. Бүгінгі таңда бұрынғы кеңестік аймақтағы барлық республикалар Жеңіс күнін айрықша салтанатпен атап өтуде. Осы күні Алатаудың баурайында жатқан шағын ғана Қарақат ауылында Жеңіс күні мерекесі ерекше салтанатпен аталып өтілді. Иә, бұл күн ауыл тұрғындары үшін қуанышты әрі мұңды күн болды. Қуанышты болатыны – Ұлы Жеңіске 78 жыл толып отыр. Мұңды болатыны – кішкентай ғана ауылдан аттанған майдангерлердің тең жартысы қайтпай қалғандығы. Сол аталарының есімдерін еске түсіріп, көкіректерін қарсы айырған шерлі естеліктері ерекше тебіреніспен айтылды.
Ауыл тұрғындары қан майданға аттанған боздақтарды мәңгілік есте қалдыру ниетімен ауыл орталығынан мереке күні қарсаңында Отан қорғаушылардың есімдері тасқа ойылып жазылған ескерткішті салтанатты түрде ашты. Енді олардың есімдері мәңгілік ұмытылмайтындай етіліп тарих бетіне көшірілді.
Иә, 1941-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихында қанды қырғын ретінде қаралы оқиға болып қалды. Бұл соғыста бұрынғы Совет Одағы 27 миллион ер азаматынан айырылды. 1 миллион 200 мың қазақстандық азамат соғысқа аттанып, қанды шайқаста ата-бабаларымыздың ерлік үлгісін көрсетті. 449 қазақстандық азамат Совет Одағының Батыры атанды. Шағын ғана Қарақат ауылынан аттанған 100-ден астам ер азаматтар етігімен қан кешіп ерлерше шайқасты. Ал ауылда қалған бұғанасы қатпаған балалар мен самайын ақ қырау шалған қариялар бел шешпей еңбек етіп, Жеңіс күнін жақындата түсті.
9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні Қарақат ауылында Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, тыл ардагерлеріне, спорт саңлақтарына, батыр аналарға арналған мемориалды ескерткіш ашылды.
Ескерткіштің ашылу салтанатына арналған қызыл лентаны аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Есеев пен ауыл қариясы Тұрғынбек Қарағаев қиды. Салтанатты жиында аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Шорабек Атабаев сөз сөйлеп, аталмыш шараның мәні мен маңызы жайлы ой толғады.
– Өскелең ұрпаққа ғибрат болатын осы шараның өткізілуіне барша ауыл тұрғындары бір кісідей атсалысты, – деді ауылдың бас имамы Азамат Барменов, – олардың барлығына Алланың нұры жаусын. Әйтсе де осы игілікті істі ұйымдастыруда ерекше белсенділік танытқан ауылымыздың ел ағасы Әбдіқадыр Оңалбековке, аудандық мәслихат депутаты Талғат Тәттіқожаевқа және қаржылай көмек көрсетіп, қолдау жасаған кәсіпкерлер Данияр Сүлейменовке, Алихан Зәуірбековке, Манат Тоқабаевқа және басқаларға ерекше алғыс айтқымыз келеді. Осындай жүрегі дархан, пейілі кең жайсаң жандар ауылымыздың, ауданымыздың құрметті азаматы болса деген игі тілек білдіргім келеді.
Салтанатты митингіден кейін ауыл тұрғындары және алыс-жақыннан келген қонақтар тау бөктерінде тігілген ақшаңқан қазақ үйлерде әруақтарға бағыштап құран оқып, мол дастарханнан дәм татты.
Мерекелік іс-шараның соңы көпшілік серуеніне ұласты.
Тұрсынхан Жаманбаев,
ардагер журналист.