Эльмира Мырза-Ғали: Бала бақытты болуы үшін алдымен ана бақытты болуы тиіс

292 Views

Ана мен бала мәселесі күн тәртібінен түспейтін тақырып. Өйткені қазіргі қоғамның ұстанған бағыты да, биліктегі атқамінер азаматтардың жұмысы да ана мен балаға жайлы жағдай жасауға негізделген. Осы орайда мемлекеттік бағдарламаның басым бөлігі соларға арналғанын да жасырмай айтуымыз керек. Бұл – әрине материалдық қолдау. Ал, рухани қолдау ше? Ол қай деңгейде іске асырылып жатыр?

Осы сұрақтардың жауабын біз сәрсенбі күні Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында өткен «Бақытты ана – бақытты бала» фестивалінде таба алдық. Аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен өткен жиынға оның төрайымы Түзел Алагөзова бастаған ақ жаулықты аналар, мектеп мұғалімдері, оқушылар, жастар, аудандық дағдарыс орталығының қызметкерлері, этномәдени бірлестік жетекшілері қатысты. Сондай-ақ, шараға құрметті қонақ ретінде облыстық ардагерлер Кеңесінің жанынан құрылған Аналар алқасы төрайымының орынбасары Нұргүл Құлтайқызы Оспанбекова, облыстық «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Иниятқызы Мырза-Ғали да келіп, қатысып отырды. Фестивальді аталмыш мектептің директоры Шолпан Дайрабаева жүргізіп, ол осы күнге дейін аудандық аналар Кеңесі атқарған жұмыстарды тізбектеп берді.
Алғашқы сөз кезегі құрметті қонақтарға беріліп, тұшымды ойлар, мәнді мәселелер ортаға салынды. Солардың бірін облыстық «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали өз сөзінде келтірді.
– «Анаға тағзым» орталығы 2021 жылдың қазан айынан бастап жұмыс істеп келеді. Содан бері біз аналарды, бойжеткен қыздарды қолдау бағытында көптеген бастамаларды қолға алып келеміз. Соның бірі – «Анаммен бірге кітап оқимын» байқауы. Бұл байқауда бүлдіршіндеріміз өз аналарымен біз бекіткен кітаптарды оқып шығып, ай сайын мазмұнын баяндап беріп отырды. Енді Сіздерге байқаудың ең қызықты кезеңін баяндап берейін. Ол – хат жазу. Ана балаға, бала анаға хат жазды. Сенесіздер ме? Қағаз бен қаламның құдіреті керемет екен. Тіпті, сол хаттарды оқып отырып, жылап та алған кездеріміз болды. «Анашым, мен сізді бұрыннан жақсы көрем ғой. Бірақ осы байқауда сізге деген махаббатым шексіз арта түскендей» деген мағынада жазылған хаттар жүрек тебірентті. Бір оқушы өз хатында «Мен кітап арқылы көп нәрсені ұғындым. Телефонға телміру дұрыс емес. Менің кітап оқымайтындарға қатты жаным ашиды» деген шын сөздерді оқығанда байқау өз мақсат-міндетіне жеткеніне көз жеткіздік.
Бақытты бала болуы үшін ана да бақытты болуы тиіс. Біздің орталық осы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Бұл игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады, – деп орталық тарапынан жасалып жатқан баянды бастамаларды мәлімдеп берді.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар ой-пікір алмасып, ана мен бала мәселелерін жою үшін қабылдануы керек шараларды да ортаға салды. Түзел Алагөзова, Есенкүл Мұхтарова және аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мырзабек Маңғұтов тұшымды ойлар мен ұсыныс-тілектерімен бөліссе, Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің ұстазы Гүлсім Оңалбаева «Баланы жетістікке жетелеудің жолы», ҚАТЖК директорының орынбасары Гүлмира Махамбетова «Әлеуметтік желіні пайдалану мәдениеті», Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектеп директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Бақыт Мырзалиева «Қазіргі қоғамдағы ананың рөлі» атты тақырыптарда баяндама оқыды.
Кеш соңы мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласып, шараға қатысқан белсенді жандар марапатталды.

Ж. Базылбек.

Поделиться ссылкой: