Сақ болыңыз, сел!

309 Views

Жалпы сел – таулы аудандарда мұздықтардың, қардың мөлшерден артық еруінен, нөсерлі жауын-шашын­дардан, жер сілкінуден, тау өзендерінің арнасынан асып тасуынан, яғни климат өзгеруінен пайда болатын табиғаттың жойқын құбылысы.
Тас аралас сазбалшықтардың таудан төмен ағыла құлауымен сипатталатын, кенеттен басталып, барынша қарқынды өтетін мейлінше залалды құбылыс.Әдетте нөсер жауындар әсерінен, кейде тау шатқалдарындағы қардың не мұздықтың жаппай еруінен туындап, шағын өзенше аңғарлары мен жылғалар бойын қуалай құлайды. Сел тасқыны құрамына қарай сазбалшықты, тасбалшықты және сулы-тасты селдер болып үш түрге бөлінеді. Сел жолындағы борпылдақ шөгінділерді шайып, қатты тау жыныстарын бұзып, ағаштарды түбірімен қопарып, салмағы ондаған тонналық үйтастарды ағызып әкетеді. Сел Қазақстанның тауларындағы өзендердің алқаптарында жылдың жылы мезгілдерінде (мамыр-қыркүйек айларында) жиі болып тұратын табиғат құбылысы.
Қазақстанда таулы жерлер және тау бөктерінің аумағы селдің, қар көшкіннің, сырғыма мен қопарылманың әсеріне жиі ұшырайды. Олар республика аумағының 13,3% немесе 360000 ш.м. ауданын алып жатыр. Мұнда үлкен ауылшаруашылық жайылымдары, көптеген шаруашылық объектілері мен коммуникация желілері, сондай-ақ, халқының жалпы саны 5 миллионға жуық Алматы, Шымкент, Тараз сияқты ірі қалалар мен бірқатар басқа да елді мекендер орналасқан.
Облыста сел қаупін төндіретін 18 өзен бар. Олар Жуалы ауданында- Ақсай, Көксай өзендері, Т.Рысқұлов ауданында – Мақпал, Шөңгер, Қарақат, Қарақыстақ, Шалсу және Көкдөнен өзендері, Меркі ауданында – Аспара, Меркі, Молалы, Талды бұлақ, Түзу сұрат, Қордай ауданында – Қарақоныз, Қақпатас, Ырғайты және Қалғұты, Талас ауданында – Тамды өзендері.
Жамбыл облысы бойынша табиғи сипаттағы сел ағындары, қар көшкіні, сырғымадан қорғауды қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазселденқорғау» ММ «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» филиалы (бұдан әрі – Филиал) қызмет етеді және осы бағыттар бойынша жұмыстар жүргізеді.
2023 жылдың 21 сәуірінде сел қауіпті кезеңіне дайындық және өткізу туралы Филиалдың №38 бұйрығы шығарылып, төтенше жағдайдың алдын алу және жою жедел штаб құрамы, іс-шаралар жоспары бекітілді. Табиғи сипаттағы төтенше жағдайларды бақылау, болжау мақсатында екі шұғыл топ және 1 апаттық бригада құрылды.
Филиал сел қауіпті кезеңде күнде­лікті бақылауды 8 (Қарақоңыз, Ас­пара, Меркі, Шалсу, Қарақыстақ, Қайың­дысай, Талас, Көксай) тұрақты және жоғарғы Меркі (Меркі санаториінен 29 км жоғары, т.д. 1354 м биіктікте), жоғарғы Аспара (Грани­тогорск селосынан 24 км жоғары, т.д. 2571м биіктікте) гидробекеті арқылы жүргізеді.
ҚРТЖМ «Қазселденқорғау» ММ «Жамбыл аумақтық пайдалану басқар­ма­сы» филиалы облыс тұрғындарының назарына сел қаупі бойынша бірқатар сақтық шараларын ұсына отырып, ес­кер­­ту жасайды:
Сел қаупінің белгілері:
– сел қаупі күшті аудандарда қатты нөсер­дің ұзақ жаууы;
– биіктегі сел қаупі бар өзендерде ауа температурасының күрт көтерілуі, бұл морендік өзендердің суға толып, арнасын бұзып шығуын тудырады;
– өзендегі су деңгейінің күрт төмен­деуі немесе оның жоғарғы жағында өзен бөгеті бұзылуын көрсететін шұңқырдың пайда болуы;
– өзен бөгетінің бұзылуына алып келе­тін жер сілкінісі.
Сел тасқынының тікелей және жақын қаупінің белгілері:
– морендік-мұздақ кешендегі судың толған­дығын айғақтайтын сел қаупі бар арнадағы ағынның тоқтауы немесе күрт бәсеңдеуі;
– биіктегі сел қаупі бар арнадан күшті гуілдің естілуі;
– сел айдаған тастың соққысынан топырақтың дірілдеуі;
– сел толқындарының соққысынан шаңдақ бұлттың пайда болуы;
– судың қатты лайлануын сипат­тайтын сел алдындағы тасқынның пайда болуы;
Сел қаупі бар аудандарда болған кездегі қауіпсіздік шаралары:
1. Таудағы жағдай туралы баспасөз хабарларын ұдайы қадағалаңыз.
2. Сел қаупі бар биіктікте қатты нөсер жауа бастаса жылдам кетіңіз.
3. Сел тасқынына 50-70 м артық жақындамаңыз.
4. Тік жартас пен құлама беткейдің жанына тоқтамаңыз, өйткені тасқын­ның соққысынан сырғыма мен опарыл­ма түсуі мумкін.
5. Сел араларымен жүрген кезде адам­дардың арасындағы қашықтық кемінде 20-30 м болуға тиіс.
6. Сел қаупі бар арналардың, өзен бөгеттерінің жанына демалуға тоқтамаңыз және шатырлы лагерь құрмаңыз.
7. Сел тасқынының белгісін сезген бойда арнадан қашығырақ кетіп, тау бет­кейі бойынша мүмкіндігінше жоғары көтеріліңіз.
8. Сел тасқыны өткеннен кейін сел­дік арнаға түспеңіз, өйткені ол қайта­лануы мүмкін.
9. Арнаға төмен түскен кезде және онымен жүрген кезде, әсіресе ой-шұңқырдан аса сақ болыңыз.
10. Морендік-мұздақтық кешенде және оның бойымен сел тасқыны қаупі болмайтын немесе өте сирек болатын кезеңде, ең жақсысы, ауа температурасы қалыпты кезде жүру ұсынылады.
11. Үйінділер бейберекет жатқан, сондай-ақ, мұздақтан немесе қар көш­кінінен пайда болған кедергілері бар өзен бөгеттерінің жанынан жүрмеңіз.

Е.Омарбеков,
ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ «ЖАПБ» филиалының Меркі
ӨПБ басшысы.

Поделиться ссылкой: