«Жомарт түлек» жобасы жалғасуда

294 Views

«Бір әріп үйреткен адамға қырық жыл тағзым» деген. Ұрпақ парызы мен сағыныш сезімдері тоғысқан, мектеп бітіргендеріне 40 және 50 жыл толған Ақыртөбе орта мектебінің бір топ түлектері білім ордасында бас қосты. «Жомарт түлек» жобасы аясында жыл сайын түлектердің білім ордасында бас қосып, игі істерімен өскелең ұрпаққа үлгі көрсетуі дәстүрге айналды.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде: «Ілім үйреніңіздер, ілімге қажетті байыптылық пен байсалдылықты да қоса үйреніңіздер. Сіздерге ілім үйреткен кісіні құрметтеңіздер, сыйлаңыздар» деген екен. Жарты ғасырға жуық уақыттан кейін кездескен азаматтар ұстаздарына құрмет көрсетіп, өз алғыстарын білдірді. Мектеп өмірінен естелік болып қалған қызықты сәттерді еске алып, бір сәтке өздерін баладай сезінді. Мектеп ұжымы да жыл құсындай қайырылған түлектерге өз тарапынан сый-құрмет көрсетіп, құшақ жая қарсы алды. Мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасын тамашалаған түлектер өскелең ұрпақтың өнеріне тәнті болды.
Жиналған түлектер білім ордасына көрсеткен құрметі және осында білім алып жатқан жас жеткіншектерге өнеге ретінде демеушілік жасап, өз тараптарынан сый-сияпат жасады.
Мектеп қабырғасында санаға сіңірілген білімнің негізі адамның еңбек жолында өмір бойы азық болады екен. Тек қана оқу процесі ғана емес, сол жылдардағы ұстаздардың ұлағаты, әрбір сөйлеген салиқалы сөзімен, сабырлы жүріс-тұрысымен, көркем мінезімен, әрбір ісімен, алдындағы мектеп партасында отырған бүлдіршіннің намысын оятып, жігерін жанып, үйренуге, ізденуге деген ұмтылысын, құлшынысын қалыптастырудың қаншалықты маңызды екенін еңбек жолындағы кедергілер мен қиындықтарды игеру кезінде ұғынады екенсің. Мектептегі жылдар, оқушылық кезең жылдар өткеннен кейін соншалықты ыстық болып, өзіне тартып тұратындығы да сондықтан шығар.

«Құлан таңы» ақпарат.

Поделиться ссылкой: