Құрбан айт – ұлық мереке
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді
Алланың атымен бастаймын! Құрметті қауым!
Баршаңызды күллі исі мұсылман баласы асыға күтетін ұлық мейрам – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын! Құрбан айттарыңыз қабыл болсын! Сіздерге Алладан амандық, мықты денсаулық, мол ырыс пен бақ-береке тілеймін!
Құрбан айт – асыл дініміз Исламдағы екі ұлық мерекенің бірі. Айтулы күнде мұсылман қауымы Құдай жолында құрбан шалып, қанағат пен қайырымдылықтың, мейірімділік пен ізгіліктің риясыз үлгісін көрсетіп, көмекке мұқтаж жандардың бата-тілегін алып, алғысына бөленеді.
Бағзы заманнан бері Ислам дінін рухани тірегіне айналдырған халқымыз Құрбан айтты айрықша дайындықпен қарсы алады. Ұлық мейрамда ерекше ыждаһат һәм ықыласпен орындалатын құлшылықтар мен ізгі іс-шаралар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, игі дәстүрге айналды.
«Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – делінген. Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниеттенген пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды.
Материалдық мүмкіндігі бар, əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп, мұсылмандық міндет. Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс.
Биыл Тұрар Рысқұлов ауданы бойынша Құрбан айт намазы 28 і күні таңғы сағат 6:20 да оқылады. Құрбандықтар айт намазынан соң шалынады.
Құрбан айтта жасаған жақсылықтарыңызға, шалған құрбандық, берген садақа, жасаған әрбір игі амалдың сауабы еселеніп жазылғай. Әмин!
Сұлтаншәріп қажы Джадраев,
Тұрар Рысқұлов ауданының бас имамы.