Ардың жүгін арқалаған – Арғынбай Бекбосын

167 Views

Қазақ халқы ежелден өнер адамына ерекше құрметпен қараған. Бүгінде жастардың бойына осы қасиеттерді барынша терең сіңіру үшін кітапханамыз көптеген іс-шаралар атқарып келеді. Өз өңірімізден шыққан ақын-жазушыларымыздың шығармашылығымен, өмір жолымен жақын танысып, оқырмандарды кітапсүйер қауым қатарына қосу – біздің басты мақсатымыз. Жуырда Көкдөнен ауылдық кітапханасында Көкдөнен және Құмарық ауылдық кітапханашыларының бірлесе ұйымдастыруымен «Бір өңір – бір кітап» акциясы аясында журналист, жазушы, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосынның шығармашылығына арналған «Ардың жүгін арқалаған» атты әдеби гид өткізілді.
Аталмыш шараны Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Атабаев Төлеген Алпамысұлы сөз сөйлеп ашып, ауданымыздың 85 жылдығымен құттықтап, «Бір өңір – бір кітап» акциясы аясындағы іс-шараға деген өз пікірін білдіріп, кітапханашыларға сәттілік тілеп өтті. Сонымен қатар әдеби гидте Арғынбай Бекбосынның «Фәнилік драма» рубаяттарынан Көгершін кітапханасының тұрақты оқырмандары: Алтынай Берік, Гүлсезім Сейдулла, Азима Асқарәлі, Жібек Жанқызы, Ақнұр Дүйсенбек үзінді оқыды.
Арғынбай Бекбосын тек талантты жазушы ғана емес, шебер аудармашы. Осы тұста Көкдөнен ауылдық кітапханасының тұрақты оқырмандары әлем жауһарларынан аударған «Еске алу» өлеңін Айткүл Сағындықова, «Өткен өтті» аударма өлеңдерін Нұрсая Сәдуақас мәнеріне келтіре орындап берді. Сондай-ақ, философиялық шығармаларының бірі «Фәнилік драмадан» Әмина Шаймаханбет үзінді оқып берсе, Құмарық ауылдық кітапханасының тұрақты оқырмандары Асылай Ешенқұл «Туған жерге тағзым», Ұлбике Тлеуімбет «Атымтай туралы аңыз» өлеңдерін жатқа оқыды. Өз кезегінде Құмарық ауылдық кітапханасының кітапханашысы Нұрлы Талқанбаева «Адалдықты ту еткен Ар-аға!» атты кітап көрмесіне шолу жасап өтті. Іс-шара соңында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Маржан Демесінова қорытынды сөз сөйлеп, үрдіске айналған осы іс-шараның әр аймақта тұрақты өткізіліп келе жатқанын айтты.
Э.Дюсембинова,
Көкдөнен ауылдық кітапханасының кітапханашысы.

Поделиться ссылкой: