Қыдырәлі Қойтай.

297 Views

Мен Басқарды бала күнінен танып білдім десем артық айтпаған болармын. Өйткені екеуміз де Жамбыл облысының киелі Құлан жерінің Көкдөнен деген ауылында туып, бір көшенің бойында, тіпті арамызда бір-ақ үй бар көрші тұрдық. Арамызда жеті жас айырмашылық болғандықтан оның қаз-қаз басқан қадамынан ер жеткен кезіне дейін көз алдымда өтті. Бір мектепте, бір жоғары оқу орнында оқыдық, бір редакцияда қызмет істедік. Өз мүмкіндігіме қарай мақала жазуға баулып, алғашқы мақаласын аудандық газетке жариялануына да ықпал еттім. Тіпті оны ҚазМУ-дің журналистика факультетіне ілестіріп апарғаным да есімде. Ол бала кезінің өзінде алғыр, өнер атаулыға жақын болды. Домбыраны сөйлетіп, төгілте күй шертетін өнерін де біреу білсе, біреу білмес. Оның 4-5-сынып оқып жүрген кезінде өзім білетін әндерді домбыраға қосып тартуды үйреткеніммен, кейіннен Басқардың алдында отырып өзім үйренетін болдым. Тіпті бір жылдары Басқар «Социалистік Қазақстан» газетінде (қазіргі «Егемен Қазақстан») қызмет істеп жүргенінде редакцияға қырғыз ағайындар қонаққа келеді. Сонда олар қомуздарын безілдете, қолдарын ары-бері сермеп тартқанына риза болмаған адам қалмайды. Ендігі кезек – қазақтардікі. Бірақ қырғыздарша қолды сермеп домбыра тарту ешкімнің де қолынан келмесі айдан анық еді. Сонда Басқар қолына домбырасын алып, қырғыз ағайындардың қимыл әрекетін айнытпай қайталаған кезде қонақтар арқа-жарқа болып, қауқылдасып қалған екен.
Жаратылысынан әзіл үшін, қалжың үшін туған Басқардың қылық-әрекеті де күлкіге толы болушы еді. Біреудің даусын, мінез-құлқын айнытпай салудың шебері болатын. Әсіресе ұстазы Темірбек Қожакеевтің даусымен телефон арқылы талайды тықсырғанын күле тыңдағанбыз. Бірде мынадай қызық болды. Ол кезде Басқар «Халық кеңесі» газетінің жауапты хатшысы, мен жауапты хатшының орынбасарымын. Екеуміз бір кабинетте отырамыз. Бір күні көрші бөлмедегі редактордың орынбасары Жұмабек Кенжалинге Қожакеев болып телефон соқты. Алғаш аман-саулықты сұрасып болғаннан кейін, Жұмабекке тиісе сөйледі. «Әй, слушай, – деді Басқар – Қожакеев, – өзі болған қыз төркінін танымайды деуші еді. Сен бізден бес жыл білім алғаныңды, біздің арқамызда Лениндік стипендиант атанып, депутат болғаныңды ұмытайын деген екенсің. Әйтпесе, менің мақаламның жатқанына екі ай болды, соны неге шығармайсың? – деп дүрсе қоя берді. Жұмабектің ақталған даусы көрші бөлмеден бізге анық естіліп жатты. Бір кезде Басқардың осындай «ойыны» бары Жұмабектің де есіне түсті-ау деймін, «аға, тоқтай тұрыңызшы» деп телефон тұтқасын қоя салып, біздің бөлмеге жүгіріп келді де, «Әй, Басқар, тұтқаны таста» деп бізді қыран-топан күлкіге қарық қылғаны бар. 5 курста жүрген кезінде дипломдық жұмысын жазуға бел шешіп кірісе алмай жүрген курстасына Қожакеев болып телефон шалып, бір аптаның ішінде дайын еткізгенін әлі қүнге жолдастары жыр ғып айтады.

Поделиться ссылкой: