Ауданда «жастар лигасы» құрылды

167 Views

Кеше аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Ернар Есіркеповтің қатысуымен келелі кездесу өтті. Кездесуге аудандағы әр түрлі мекемелерде қызмет істейтін 100-ге жуық белсенді жастар қатысты. Олардың арасында аудан әкімі аппаратының аймақтық бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімшесінің басшысы Ернар Құралбаев, Жаңатұрмыс ауылының әкімі Ерсайын Қуандық, Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Сәбит Кенжеғара, Көгершін ауылдық округінің әкімі Ернар Бағылбеков, Құлан агротехникалық жоғары колледжінің директоры Олжас Мұсақұлов, «Жан жылуы» қайырымдылық қорының жетекшісі Жәнібек Жүсіпов, №24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дәурен Әбдікерім, кәсіпкер Нұрлан Беркімбаев және өзге салаларда еңбек ететін жастар да осы кездесуге арнайы шақырылды.
Кездесуде аудан басшысы Ернар Серікәліұлы ауданның экономикалық даму перспективалары туралы оябы бөлек әңгіме қозғап, жастарды бастамашыл іске әрқашан қолдау көрсетіп, ел экономикасының қарышты дамуына сүбелі үлес қосуға шақырды. Әрине, бұл кездесуде аудан әкімі Ернар Есіркепов жай ғана «әсерлі» сөйлеп қойған жоқ. Аудан аумағында іске асырылып жатқан толайым тірліктерді қағазға қарамай-ақ, нақты дәйектермен айтып берді.
– Өздеріңіз аудандық газеттен не болмаса әкімдіктің ресми сайтынан инвестиция бағытында ілкімді істер жасалып жатқанын көріп, біліп те отырған боларсыздар. Мәселен, биыл «Тас маркет» деген әлеуеті зор компания жетекшілері Тереңөзек ауылының тау бөктерінен кварцит өндіру жұмысын қолға алғалы отыр. Биыл бұл жұмыстар басталады. Жоба толығымен 2025 жылы аяқталуы тиіс. Бұл қуатты жобаның жалпы құны 3 трлн. теңгені құрайды.
Жуырда облыс әкімі Нұржігітов Нұржан Молдиярұлы Тереңөзек ауылдық округінің халқымен кездескен болатын. Кварцит өндіру жұмысы сол жерде де айтылды. Халық қолдап отыр. Құрметті жастар, осы жерде мен мына нәрсені ерекше басымдық беріп айтқым келеді. Біздің ауданымызда өндіріс ошақтары мүлде жоқ. Бюджетке салықтан түсетін кіріс 3,9 млрд. теңге. Оның көбісі әлеуметтік жәрдемақылар мен бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің айлық жалақысына кетеді. Ал, ауданымызда асфальт төселмеген, әлеуметтік нысандар жоқ қаншама елді мекендеріміз бар. Сондықтан да біз инвесторлармен жұмыс істеп отырмыз. Неге? Өйткені, бұл жоба іске асқан күнде біріншіден, бюджеттік кіріске түсетін салық артады, екіншіден, сол ауылдың тұрғындары жұмыспен қамтылатын болады. Салық түсімінің көбейгені әлгіндей мәселелерді шешуге өз ықпалын тигізеді. Міне, бұдан өзге де ауданымызда инвестициялық бағытта көптеген жұмыстар атқарылып жатыр.
Абай атамыз «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген. Қазір әлеуметтік желіде «үйде отырып алып, ойына келгенді» жазатындар көбейді. Әрине, сын шын болса, құба-құп. Алайда, өкінішке орай, сол «жазғыштардың» көбі жалған ақпарат таратып, елді дүрліктіруге әуес. Дана қазақ «Болар елдің балалары бірін-бірі батыр» дейтін еді ғой. Біз осы тәмсілді жұқамыр жүрекке берік сақтауымыз керек. Осы кездесудің нәтижесінде ауданда «Жастар лигасы» құрылатын болады. Оның төрағасын сайлайтын да мына өздеріңіз. Енді осылай ай сайын кездесіп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді бірге талқылап отыратын боламыз, – деді Ернар Серікәліұлы жастармен өрбіген кездесуде. Кездесу соңында Жәнібек Жүсіпов, Дәурен Әбдікерім және Жәнібек Базылбек секілді бастамашыл жастар өз ойларын жеткізіп, ұсыныстарын білдірді.
Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: