Аппараттық кеңес өтті
Өткен аптада аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте егін орағының өту барысы, мал азығы дайындау науқаны қаралып, аудан аумағындағы су нысандарын дұрыс пайдалану және тозығы жеткен су ұңғымаларын қалпына келтіру жұмыстары талқыланды.
Биыл ауданымызда 115011 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, қазіргі таңда егін орағы науқаны қызу жүруде. Егін орағына 215 дана егін комбайны, 64 дана тасымалдаушы автокөліктер, су және өртке қарсы қондырғылар, агрегаттар жұмылдырылған.
Аудан басшысы Ернар Серікәліұлы жауапты тұлғаларға ауылдық округ әкімдері мен шаруа қожалық басшылары арасындағы арнайы меморандумға сәйкес, егін орағы аяқталғаннан кейін ауыл тұрғындары малдарын жаю үшін пайдалануын қатаң қадағалауды тапсырды.
Биыл мал азығы шабылатын алқап көлемі 32731 гектарды құрап отыр. Бүгінгі күнге 19631 гектар орылып, жұмыстар әрмен қарай жалғасуда. Бұл туралы жиын барысында аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиев тоқталып өтті.
Аудан бойынша 18 канал бар. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 2020 жылы 2 каналға 29,0 млн. теңгеге механикалық тазарту жұмыстары жүргізіліп, 222 гектар алқап қайта айналымға қосылды. Ал 2021 жылы 2 каналға 52,0 млн. теңгеге механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, айналымға 203 гектар қосылған.
Ал аудан бойынша бұрынғы жылдардан қалған 192 ұңғыма бар. Оның 104-і егістік басында орналасқан. Бүгінде осы ұңғымалардың жағдайы толықтай зерделеніп, қалпына келтіру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Жиын барысында аудан басшысы Ернар Серікәліұлы өзге де мәселелер бойынша жауапты бөлімдердің есебін тыңдап, тиісті тапсырмалар жүктеді.
«Құлан таңы» ақпарат