Қарт ананы құттықтады
34 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Спортта жанкешті еңбек етпесең, жетістікке жете алмайсың. Осы мысалды талай мықты спортшылардан сұхбат алып, сан мәрте естідік. «Қаншама әділетсіздікке ұшырасаң да, спортты тастамау керек» дейді солардың көбісі. Ерсен Станбек те сол қатардағы спортшы.
Ерсен туралы газетке көптеген мақалалар жаздық. Менің таңқалатыным, ол – бесаспап спортшы. Жасы небәрі – 18-де. Ал енді жеткен жетістігін санасаңыз, бас шайқауыңызға тура келеді. Айталық, әуелі мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер арасында Ерсен өзінің бағын үстел теннисінен сынап көрді. Бұл спортпен ол жай ғана айналысқан жоқ. Алдына мақсат қойды. Және сол мақсатқа жетті де. Жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы болды.Одан соң, Ерсен суда жүзу спортына да ден қойды. Жүзуден Қазақстан чемпионы болмаса да, жүлделі ІІІ орын иеленді.
Содан соң, жас өреннің назары армрестлингке ауды. Армрестлингтен, яғни қол күресінен Ерсеннің бағындырған белесін біз былтыр газетімізде жазғанбыз. Көкдөнен ауылында дүниеге келген қайсар жігіт былтыр Швеция елінің астанасы Стокгольмде өткен әлем чемпионатында көпшілікті таңқалдырды. Ол 55 келі дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ, Ерсеннің қол күресінен Азияның үш дүркін чемпионы деген дардай атағы бар. Оған «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» деген атақты тағы қосыңыз. Ал үстел теннисінен Ерсен Станбек – «Спорт шеберлігіне үміткер».
Ерсеннің өмірге деген құштарлығы ерекше. Сан мәрте ота жасатса да, тегеурінді төзімнің арқасында соның бәрін жеңе білді. Біз жақында Ерсенмен әңгімелестік. Басқа спортқа ауысыпты. Ол – пауэрлифтинг. Бұл спорттан да айтарлықтай нәтиже көрсетіпті. Наурыз айында Қазақстан чемпионатында топ жарған да екен. Ерсен осы жарыста чемпион болып, пауэрлифтингтен Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысуға жолдама еншілеген екен. Аталмыш жарыс тамыз айының 14-і мен 30-ы аралығында өтетін көрінеді. Ерсеннің еңбекқорлығын біз жақсы білсек керек-ті. Бағанадан бері жазғанымызда сол ғой. Қайткенмен де Ерсен өз-өзін қамшылап келе жатқан спортшы.
Оның «бай-бағлан» көкесі де жоқ. Әкесі өмірден озып кеткен. Анасы да қарапайым азаматша. Ерсен біздің ауданымыздың мақтанышы.
Чемпион болып, ауданның мерейін талай рет аспандатты ол. Былтыр Стокгольмнен оралғанда ауылдастары оған ат мінгізді.
– Мен алдыма мақсат қойдым. Және мақсатыма жетпей қоймаймын. Бекзат Саттарханов ағамыз 3 рет Олимпиада чемпионы болуды армандаған екен. Ол арманына жете алмады. Мына біз секілді жас спортшыларға осы сөз ой салу керек. Пауэрлифтинг – олимпиадалық спорт түріне жатады. Өзіңіз білесіз Марат аға, мен үстел теннисінен де, жүзуден де, қол күресінен де бағымды сынап көрдім. Көптеген белестерді бағындырдым. Енді пауэрлифтингке бет бұрдым. Бұйыртса, бұл спортта да биік шыңдарды бағындырамын деп ойлаймын. Өздеріңіз секілді тілеулес, ниеттес ағалардың жылы сөздері маған үлкен қолдау. Олимпиада төрінде елімнің Көк Туын көкте желбіретсем деген арманым бар, – дейді жас спортшы.
Ерсенге сеніңіздер! Ол – мықты спортшы. Уәдесін екі етпейді.
Дубайда өтетін әлем чемпионатында ол елдің абыройын асқақтатып қайтатынына бек сенімдіміз.
Марат Жолдасбекұлы.