Жұмыс жүйелі, нәтиже де көңіл көншітеді

157 Views

Тамыз айының үшінші жексенбісі – спорт күні

Аталмыш мерекеге орай біз аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлі­мінің басшысы Шабеев Ерлік Тоғанбайұлымен жолығып, сұх­бат құрған едік. Бүгінгі газе­тіміздің нөмірінде тілшіміз әзір­леген сол сұхбатты сіздердің назар­ларыңызға ұсынып отыр­мыз. 

– Ерлік Тоғанбайұлы, ауданда қанша спорт нысаны бар. Әуелгі әңгімемізді осыдан бастайықшы…
– Бүгінгі таңда аудан бойынша 182 спорт нысаны бар. Жіктеп айтатын болсақ, 2 спорт кешені, 1 стадион, 105 спорт алаңшалары, 21 футбол алаңы, 48 спорт залының бұқаралық спортпен айналысатын азаматтар мен азаматшаларға әрдайым есігі ашық десек болады. Және бір айта кететіндігі, осы спорт нысандарының барлығы аудан тұрғындарына қолжетімді және ақысыз болып табылады.

– Өзіңіз білесіз, қазіргі таңда бәріміз статистикаға жүгінеміз ғой. Ауданда спортпен шұғылданатын қанша адам бар?
– Сұрағыңыз өте орынды. Оны қарапайым тұрғындардың да білгісі келетіні анық. Бізде ол туралы мәлімет бар. 2023 жылдың 7 айында аудан бойынша дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар саны жалпы халықтың 39,6 пайызын құрады. Санмен сөйлейтін болсақ, бұл дегеніңіз – 26763 адам.
– Біз білеміз, ауданда 2 спорт мектебі бар. Олардың жетістігін үнемі газетімізде жазып та жүрміз. Осы біз атаған 2 спорт мектебінде балалар мен жасөспірімдер қандай спорт түрлерімен айналысады?
– Жалпы ауданда 4 спорт мекемесі жұмыс атқаруда. Оның ішінде жаңағы сіз атаған 2 спорт мектебі де бар. Бұл мектептер қазіргі күні облыстық дене шынықтыру және спорт басқар­масына қарайды. Ал, балалар мен жасөспірімдердің қандай спорт түрлерімен айналысатыны жайына келетін болсақ, осы күні олар еркін күрес, қазақ күресі, дзюдо, грек-рим күресі, бокс, волейбол, таэквондо, кикбоксинг, асық ату, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, ауыр атлетика, бес тас және футбол секілді спорт түрлерімен шұғылданады. Тағы да санмен сөйлейтін болсақ, 1100 оқушы бүгінгі таңда спортпен шұғылданады деген қолымызда дерек бар. Жаңағы мен атаған спорт түрлері бойынша 44 жаттықтырушы еңбек етіп, жасөспірімдерді спортқа баулуда.
– Биыл өзіңіз басқарып отырған бөлім тарапынан қанша іс-шара өткізілді. Соны білсек дейміз?
– 2023 жылдың 7 айында аудан бойынша барлығы 126 бұқаралық-спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 13000 адам қамтылды.
– Түсінікті. Ендігі қояр сұрағым, әлгінде біз атаған спорт мектептерінің тәрбиеленушілері республикалық және халықаралық жарыстарда ау­дан абыройын асқақтатып жүр. Айталық, «Мынанша бала респуб­ликалық, мынанша бала халық­аралық жарыстарда жүлде алды» деген дерек бар ма?
– Иә, ол жөнінде де қолымызда мәлімет бар. Осы жылдың 7 айында республикалық және халықаралық деңгейде ауданымыздың өрендері көптеген белестерді бағындырды. Мәселен, осындай бәсі жоғары айтулы жарыстарда 8 жасөспірім жүлделі І орын, 11 жасөспірім жүлделі ІІ орын, 19 жасөспірім жүлделі ІІІ орынды иеленді. 8 жасөспірім «Спорт шеберіне үміткер» деген атаққа ие болды.
– Келесі сұрақ мынандай. Шүкір, қазіргі таңда ауданымыздан шыққан жастар да байрақты бәсекелерде елдің абыройын асқақтатып жүр­ге­нін көз көріп жүр. Олардың қатарында Әлішер Ерғали, Ержет Жарылқасын, Дана Дидай секілді сақа спортшылар бар. Олармен қарым-қатынастарыңыз қалай?
– Қарым-қатынас өте жақсы десек бо­лады. Дана қарындасымызды ылғи спорттық іс-шараларға арнайы қо­нақ ретінде шақырамыз. Ержетпен де солай. Дана Дидай биыл бокстан Бангкок қаласында өткен Азия чемпио­натында жүлделі ІІІ орынға ие болды. Ал Ержет Жарылқасын грек-рим күресінен Испания мемлекетінде өткен халықаралық турнирде 53 келі салмақ дәрежесінде күресіп, чемпион атанды. Жас спортшы Аружан Бақытбек те Италия мемлекетінде өткен халықаралық турнирде жүлделі ІІ орын иеленді. Одан бөлек 6 жасар Айару Каипова деген шахматшы қызымыз бар. Ол да көршілес Қырғыз елінде өткен Азия чемпионатында топ жарды. Міне, осындай жетістіктеріміз бар, Маратжан!
– Былтыр Көгершін, Ақыртөбе, Р.Сәбденов ауылдарына спорт кешенін салу жұмыстары басталған болатын. 2024 жылға тағы да сондай жобалар бар шығар…
– Әрине, бар. Көгершін ауылындағы спорт кешені толықтай бітті десек болады. Ақыртөбе мен Р.Сәбденов ауылдарындағы спорт кешендерінің құрылысы әлі жалғасып жатыр. Бұл нысандардың барлығы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде салынуда. 2024 жылы Құлан және Жаңатұрмыс ауылдарына спорт кешендерін салу жоспарымызда бар. Тіпті Жаңатұрмыс ауылына спорт кешенін салу жұмыстары биыл басталатын болады.
– Ерлік Тоғанбайұлы, бізбен осы­лай дидарласып, сұхбат берге­ніңізге алғыс білдіреміз. Жеңісті күндеріміз көп болсын. Жұмыстарыңызға сәтті­лік тілейміз.

Сұхбаттасқан Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: