Ерекше балалармен өткен ерекше күн

201 Views

Бала – біздің басты байлығымыз. Олар ұлттың ертеңі, жарқын болашағымыздың кепілі. Сондықтан да, оларға деген назар да ерекше. Жалпы ауданда 360-қа жуық ерекше күтімді, ерекше көңілді қажет ететін бүлдіршіндер бар. Бүгінде олар үшін жасалып жатқан жағдай да ауыз толтырып айтарлықтай.
Мәселен, өткен аптаның жұмасында аудан әкімі Ернар Есіркеповтің бастамасымен «Бар жақсылық балаларға!» атты мерекелік іс-шара өткізілді. Оған аудандағы оңалту орталығында тәрбиеленіп жатқан 50-ге жуық балалар қатысып, талантты балалар аудан тұрғындарына концерттік бағдарламалар ұсынды. Ән айтты, мың бұрала би биледі. Тіпті, өнерлі бүлдіршіндер ертегі кейіпкерлерін сомдап, тәрбиелік мәні бар қойылымды көпшілік назарына ұсынды. Осылайша олар жасы кіші болса да, береке мен бірліктің, ынтымақтастық пен ұйымшылдықтың арқасында көп жетістікке жетуге болатынын үлкендерге ұқтырды.
Жиынға арнайы қонақ ретінде аудан басшысы Ернар Есіркепов те қатысып, сөз сөйлеп, бүлдіршіндерге өз алғысын жеткізді. Шарапаты мол іс-шара концерттік бағдарламадан кейін аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйі өнерпаздары ұйымдастырған түрлі ойындарға ұласты. Ізінен сурет байқауы өткізіліп, «Ақ босаға» мейрамханасында ерекше балаларға мерекелік ас мәзірі ұсынылды. Шара соңында демеушілер есебінен әр балаға сыйлықтар да үлестірілді. Айта кетейік, аталмыш бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: