Жамбыл облысының алты ауданында өңірлік ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды

133 Views

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің өкімімен «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабына сәйкес, Жамбыл облысы Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов және Талас аудандарында қалыптасқан өңірлік ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Осыған сәйкес, облыстың аталған аудандарында ауа-райының қалыптан тыс ыстық болуы және судың тапшылығы салдарынан орын алған шаруалардың шығынын өтеуге ҚР Үкіметінің төтенше резервінен қаражат бөлу мәселесі өз шешімін табуда.
Еске сала кетейік, жалпы, ағымдағы жылы облыс бойынша суармалы судың жетіспеушілігі мен температураның қалыптан жоғары болуына байланысты дақылдардың шығыны өткен жылмен салыстырғанда 25-30 пайызға төмен болады деп күтілуде.
Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, ағымдағы жылдың шілде айының ортасында ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен кеңесте облыс басшылығының бастамасымен өңірлік төтенше жағдай жариялау туралы мәселе көтерілген болатын.
Үкімет басшысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес, ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.
Топ құрамына Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Төтенше жағдайлар министр­ліктерінің, Экология және табиғи ре­сурс­тар министрлігінің Су ресурстары комитетінің, «Қазсушар» Жамбыл облыстық филиалының және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері енген.
Жұмыс тобы егіс алқаптарын аралап, жергілікті жерлердегі жағдаймен танысып, шаруа қожалықтарымен кездесулер өткізді.
Бұдан бөлек, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смаилов облысқа жұмыс сапары барысында да бірқатар жергілікті шаруалармен кездесіп, қалыптасып отырған жағдаймен танысқан еді.
Аталған жұмыс тобының жан-жақты жұмыстарының нәтижесінде Үкіметке өңірлік сипаттағы төтенше жағдай жариялау және шаруа қожалықтарының шығындарын өтеуге қаржы бөлу туралы ұсыныс енгізіліп, ұсыныс қолдау тауып отыр.
Бүгінгі таңда облыстың алты ауданында (Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Талас, Байзақ және Жамбыл) шығынды анықтау бойынша құрылған жұмыс топтарының ғылыми зерттеу институттарымен бірлескен жұмысы жалғасуда.
Шаруа қожалықтарына келтірілген шығын көлемін анықтау шаралары вегетациялық кезең аяқталғанша нақтыланып, жақын күндері жарамсыз қалған аумақ пен шығын мөлшері түпкілікті айқындалатын болады.
Бұл ретте, Жамбыл облысының әкімі жауаптыларға шаруалардың шығын көлемін анықтау нақты дәлелмен әрі заңды түрде жүзеге асуын қатаң бақылауда ұстау бойынша хаттамалық тапсырма жүктеді.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: