Қарт ананы құттықтады
34 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Ауданының мерейтойы өтті дүркіреп. Ұйымдастырушы тарап аз шығынмен бірқатар пайдалы іс жасап, атаулы шараны жоғары деңгейде өткізе алды деп санаймын. Мейрам халқы үшін басын тауға да, тасқа да соққан есіл ерлердің бірі Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Одан кейін, таутұлға ескерткішінің қасындағы үлкен
тасқа сол ауданға қызмет еткен қайраткерлердің тізімі жазылған бюстілер орнатылғанын көріп, «бәрекелді, бұл да бір сауапты іс екен» дестік.
Сонымен қатар, аудан ардагерлеріне арналған спорттық алаңқай салынып, ақылдасып-әңгімелесуге арналған бөлмелер де ашылды. Бұл Кеңестік дәуірден бергі жинақтаған тәжірибесі мол ақсақалдардың ақылын ауданның өсіп-өркендеуіне бағыттау үшін жасалған оңды іс деп білем.
Осынау салтанатты кеште аудан экономикасы мен мәдениетіне сүбелі үлес қосқан азаматтар мерекелік медальдарымен марапатталды. Арасында естелік медаль маған да бұйырды. Бұл жерде ең құндысы – туған ауылың сені ардақтап, алыста жүрген баласын елеп-ескергені. Мен үшін марапаттың ең жоғарғы дәрежесі де осы. Сонымен қатар, елге кеңінен танымал журналист Қанат Әуесбай да мерекелік медальдің иегері атанды. Ол -«Болашақ» бағдарламасымен журналист ретінде тұңғыш болып шетелде білім алған, қазақ елінің болашағы үшін тынбай еңбек етіп келе жатқан азамат.
Тұрар Рысқұлов ауданы өмірімдегі ең ерекше кезеңдерді еске түсіреді. Біріншіден, өскен өңірім маған ақылы биік әкені, мейірімі теңіздей ананы, ісіне берік бауырларды сыйлады. Екіншіден, Жақсылық ауылындағы Қызылпан Сұлтанбеков атындағы мектепте білімі терең, тәлім-тәрбиесі шынайы, балаларды өз баласындай жақсы көретін Шайзада әпкей сияқты математика мұғалімінен білім алу бақытына ие болдым. Математика ерекше жақсы көріп оқыған пәнім болды. Есепке деген сүйіспеншілігім мені республикалық әйгілі физмат мектебіне оқуға түсіріп, алға жетеледі. Үшіншіден, бала кезде Алатау бөктерінде мал бағып, шөп шауып, еңбекқорлыққа баулыған, сауданың әліппесін үйреткен Досымайыл атам сияқты тәлімгерді сыйлады. Қазіргі тілмен айтсақ, “ментор”. Төртіншіден, әрбір істі бастап, соңына дейін жеткізуді өмірлерінің басты қағидасы санайтын адал ағалардың тәрбиесін көрдім. Бесіншіден, Бауыржан Момышұлы секілді қаһармандай Отанды шексіз сүйіп, барымды әділдік үшін күресте сарп етуді үйрендім.
Бұл – елге адал қызмет еткен талай арысты өсірген киелі мекен. Ауданымыз олимпиада жүлдегерлерінің ұстаханасы екені де ел арасына жақсы мәлім. Ермаxан Ибраимов, Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаров, Елдос Сметов сынды спорт саңлақтары ауданның ғана емес, тұтас қазақ жұртының мақтаныштары. Ал, жастық шақтарын Құланда өткізген ағайынды Виталий және Владимир Кличколар туралы да ауыл-аймақтың құрметі зор, ізеті ерек. 1960 жылы чемпион атанған асылдың тұяғы -луговойлық Абсентті де білмейтін жан кемде-кем.
Түйіндей айтсам, ауданның асқар бел азаматтары ел игілігі жолында әлі де көп пайдалы іс жасамақ. Өңір жұртынан күтетіні тек рухани қолдау-қолпаш қана. Түлегі тұлғаға айналатын Тұрар ауданы жасасын !
Азаматхан ӘМІРТАЙ,
республикалық «Байтақ Болашақ»
экологиялық Альянсының
төрағасы, аудан түлегі.