Мұғалімдер марапатталды

258 Views

Тамыз кеңесінде

Мұғалімдер марапатталды

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы ғана күндер қалды. Жыл сайын тамыз айының соңғы аптасында педагог мамандар бас қосып, өткен жылды қорытындылап, жаңа оқу жылындағы жаңалықтармен бөлісіп, дайындықтарын пысықтайтыны белгілі. Осыған сәйкес, өткен аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» атты тақырыпта Тамыз кеңесі өткен болатын. Кеңеске арнайы аудан әкімі Ернар Есіркепов те қатысып, білім саласының қызметкерлерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

– Білім саласында қол жеткізген жетістіктер өте көп. Дегенмен, «болдым», «толдым» деуден аулақ болу керекпіз. Сәт сайын даму кезеңінде тұрған аталмыш салада озық технологияларды қолдана отырып, сапалы білім беру жолынан алшақтамауға тиіспіз. Тек материалдық базаны ғана қамтамасыз етіп қоймай, ұстаздардың да біліктілігін арттыру ісін назардан тыс қалдырмағанымыз жөн, – деп аталмыш сала бойынша атқарылып жатқан ілкімді іс-шараларды баяндады. Әсіресе, бала қауіпсіздігін басты назарда ұстау керектігін айтып, оқушылармен, ата-аналармен жұмысты жаңаша жандандыру керектігін айтты.

Сондай-ақ, жиында аудандық мәслихаттың төрағасы Ербол Әбутәліпов, білім бөлімінің басшысы Майра Базарова және аталмыш саланың ардагерлері сөз сөйледі.
Құттықтау сөздерден кейін аудан басшысы өткен оқу жылында жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар ұстаздарды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің және облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапаттады. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің «Орта білім беру ісінің үздігі» Құрмет грамотасына Абай атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Андабекқызы Тәтібекова лайық деп танылса, «Мектепке дейінгі білім беру ісінің үздігі» Құрмет грамотасымен Ш.Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің әдіскері Мәриякүл Әбейқызы Ниязова мара­патталды. Сон­дай-ақ, жиында аудандық «Орта білім беретін үздік ұйым» конкурсының жеңімпазы болған А.Байтұрсынов атындағы орта мектебі мен ауданның «Үздік педагогі» атанған Айнұр Тәтібековаға 100 000 теңгенің сертификаты тарту етілді. Сонымен қатар, келелі кездесу барысында өзге де педагогтерге Жамбыл облысы әкімі мен облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталары, аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың Алғыс хаттары мен аудандық кәсіподақ ұйымының марапаттары табысталды.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: