Құланның бас мәселесі – басты назарда

158 Views

Аудан орталығы саналатын қасиетті Құланда қордаланған мәселе көп. Дегенмен, дәл қазіргі таңда аталмыш ауылдың ең басты мәселесі – ауыз су. Иә, жаз мезгілі келісімен-ақ, Құланда су жетіспеушілігі анық байқалды. Оны көзбен көріп, нақты зерделеу жұмыстарын жүргізген жергілікті билікте амалсыздан мойындап отыр. Тек мойындап қана қоймай, нақты іс-шараларды қолға алып, жетіспеушілікті жою мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Соның ең ауқымдысын атап өтейік…

Биыл Құланда тағы бір су іркуіш имараты салынады. Құрылысы басталып кеткен нысан келер жылы толық аяқталып, тұрғындар игілігі үшін қызмет ететін болады. Оған бюджеттен қомақты қаржы да бөлініп отыр. Бұл туралы аудан әкімі Ернар Есіркепов құландықтармен кездесу барысында толық баяндап берді. Айта кетейік, аталмыш кездесу Мемлекет басшысының 2022 жылдың 3 наурызында қолы қойылған №826 Жарлығына сәйкес өткізілген болатын.
– Жаз бойы су тапшылығымен алыстық. Оны мойындау керекпіз. Дейтұрғанмен, қол қусырып қарап отырғанымыз жоқ. Қалайда сол мәселені шешу үшін аянып қалып жатқан жоқпыз. Құрметті құландықтар, өздеріңізге қуанышты хабарды жеткізуге тиіспін. Келер жылы Құланда тағы бір су іркуіш имараты толығымен аяқталып, тұрғындарды таза ауыз сумен қамтуға мүмкіндік туатын болады.
Құрылыс жұмыстары өтпелі. Оған бюджеттен 630 млн.ға жуық қаржы бөліп отырмыз. Егер жұмыстар ойдағыдай жүріп, су іркуіш имараты қолданысқа берілсе, біз аталмыш округтегі тіршілік нәрі­не қатысты мәселені толығымен ше­ше­міз – деп, таудан келетін ағын суға да қатысты атқарылған жұмыс­тарды жіпке тізді. Яғни, тау суының жетіспеушілігін ауа райымен байла­ныстырып, оңтүстік өңірлерде болған аптап ыстықтың салдарынан ауыл арықтарына су келмегенін мәлімдеді. Дегенмен, бұл мәселе де жіті бақы­лауға алынғанын, ол бойынша су қоймаларын салу, каналдарды ретке келтіру, қолданыстағы лотоктарды жөндеу мақсатында жобалық-сметалық құжаттар жасақталып жатқанын жет­кізді.
Жиын барысында өзге де мәселелер қаузалып, ауыл ақсақалдары белсенділік танытты. Әсіресе, Санат Қырықбаев, Бекен Орманбеков сынды ауыл ағалары аудандық аурухананың жұмысын сынға алып, мекеме құзіреттілігін мықтап жүйелеу керектігін жеткізді. Сондай-ақ, бұл қатарға ауыл тұрғыны Жанат Дәулетәлиева да қосылды. Мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған ана ауруханадағы кадр тапшылығы салдарынан жиі Тараз қаласына баруға мәжбүр екенін жасырмады.
– Соңғы кездері аудандық аурухана жұмысына сын айтатындар саны көбейіп барады. Жеке мағанда жолығып, өтініш-тілегін жеткізіп жатқан жандар да көп. Енді біз нақты шараларға көшу керек секілдіміз. Алдағы уақытта арнайы жұ­мысшы тобын құрып, орталық емдеу мекемесіне зерделеу жұмысын жүр­гізіп көрейік. Нәтижесімен міндетті түрде бөлісетін боламыз, – деген аудан басшысы аталмыш тапсырманы бірден хаттамаға енгізді.
Үш сағатқа созылған кездесуде қо­­ғам­­дық тәртіп, тазалық, түнгі жарық­тандыру сынды өзге де маңызды мәсе­лелер талқыланды. Туындаған түйт­кілді мәселелердің нақты шешу жолдарын қарастырған аудан басшысы тұрғындарды бірлесіп жұмыс атқаруға шақырды.
Жиын соңында аудан әкімі Ернар Серік­әліұлы тұрғындарды жеке де қабылдап, өтініш-тілектерге құлақ түрді.

Жәнібек Сәдуақас.

Поделиться ссылкой: