Имандылық иірімі

892 Views

Тазалыққа бәріміз жауаптымыз

Ұлы Жібек жолының бойынан орын тепкен ауданымыз бүгінде күн санап көркейіп, гүлденіп келеді. Аудан әкімі Асқар Қырықбаев келгелі де талай жұмыстар атқарылып, аудан жұртшылығы қуанышқа кенелуде. Мәселен, орталық көше кеңейтіліп, саябақтар, гүлзарлар, жолдар ретке келтірілді. Ауыл көшелері жөнделіп, көше атаулары жазылған тақтайшалар ілінді. Әрине, атқарылған жұмыстардың барлығы да тұрғындардың игілігі үшін. Осыны көпшілік түсінуі керек. Мемлекеттің мүлкіне құрметпен қарап, өзгелердің де еңбегін бағалаған дұрыс. Өзіміз өмір сүріп жатқан өлкенің тазалығына, көркеюіне сәл де болса өз үлесімізді қосып, жанымыз ашымаса, адамдық қасиетіміз қайсы?

Шариғатта «Тазалық – иманның жартысы» деген сөз бар. Яғни, имандылық тазалықтан басталады. Осы орайда басқаларға үлгі ретінде аудандық «Сұлтан» мешітін тілге тиек еткім келеді. Мұнда тазалық жүйесі сақталған. Мешіттің ауласы да, Жаратқанға құлшылық жасайтын орынның ішкі бөлмелері де мұнтаздай таза. Айналасында отырғызылған жеміс ағаштары мен әсемдіктің келбетіне айналған гүлдерге ерекше күтім көрсетілген. Мұсылмандарға керекті заттар сатылатын дүкен де бар. Жұма сайын жиналатын 1000-ға жуық жамағаттың Жаратқанға құлшылық жасауына жақсы жағдай жасалынған деуге де болады. «Өлі разы болмай, тірі байымас» дейді ғой, бұрын мал таптап жүрген қабірстанды қоршатып, ай сайын жамағатпен жиналып сенбілік ұйымдастырып, қоқыстардан тазарту жұмыстары жасалады. Сондай-ақ, құран бағыштау да дәстүрге айналған. Әрине, «Алланың жердегі үйі» аталатын бұл орын көпшілікке үлгі болуға тиіс қой, үлгі болып та отыр. Әсіресе, жастар қауымы осы имандылық ордасынан өнеге алып, ауданның тазалығын сақтауға, мемлекеттің мүлкіне құрметпен қарап, ауданның көркейе түсуіне өз үлестерін қоса білсе деймін.

Ә.МЕЙІРХАНОВ, зейнеткер, аудандық

«Сұлтан» орталық мешітінің

 ақсақалдар алқасы төрағасы.

Поделиться ссылкой: