Ана тілі – ар өлшемі

151 Views

Тіл қай елде болса да – қастерлі, құдіретті. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы. Тілсіз қоғамның қандай түрі болса да, өмір сүре алмайды.  Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол – атадан балаға ми­рас болып қалып отыратын баға жет­пес мұра. Біз қазақ тілін қандай дең­гейде білеміз? Қазақстанда тұратын отандастарымыздың қазақшасы қалай? Міне, осы сауалдар бізді алаңдатуы керек.
«Тіл туралы» Заңда: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңыз­ды факторы болып табылатын мемле­кеттік тілді меңгеру – Қазақстан Респуб­ликасының әрбір азаматының парызы» – делінген. Әрине, ұлттың ең бірінші, ең қасиетті сипаты – оның ана тілі.
Біздің азаматтық парызымыз – тіл заңындағы талаптарды жүйелі түрде жүзеге асыру. Ол тілдерді қол­дану мен дамытудың 2011-2020 жыл­дар­ға арналған мемлекеттік бағдар­лама­ларынан да көрініс тапты. Мемле­кеттік тіл ретінде қазақ тіліне деген қамқорлық аз болған жоқ. Қазақ тілі­нің дәрежесін осы құжаттарда көрсе­тілгендей деңгейге жеткізсек, көңіліміз жұбанар еді. Себебі, ұлттың болашағы, елдіктің ертеңі, ұрпақтың келешегін ойлаған әрбір саналы азамат бұл жайдан сырт қалмас.
Елімізде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге де, мемлекеттік тілді дамыта түсуге де ешқандай кедергі жоқ. Кез келген тілді меңгеру мәселесіндегі басты шарт – адамның өзінің ішкі ой ниеті мен қажеттілігі. Жетпей тұрғаны – адамдардың ықыласының аздығы. Осы ықыласты оятып, қазақ тілін қоғамдағы бірінші қажеттілікке айналдыруды көздеуіміз керек.
Мемлекеттік тілдің абыройын ас­қақ­­тату – әрбір қазақстандықтың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымызды, салт-санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекетік тілдің атқаратын қызметі орасан зор.
Қазақ тілі – өте бай тіл. Ол шаруа­шы­лықтың бар саласын өркендете түсуге себепші күш, халқымыздың мә­дени дәрежесін көтере беруші пәр­менді құрал, жұртшылықты жаппай отаншылдық рухта тәрбиелеудің құра­лы, қуатты қаруы. Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау.
Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің ке­пі­лі. Мемлекеттік тіл – барша қазақстан­дықтарды біріктіруші құндылықты факторға айналу қажет.

И.Арысбек,
аудандық полиция бөлімінің кадр саясаты тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты.

Поделиться ссылкой: