Бір кем дүние

58 Views

Отқа оранған қырғауыл

Жаратушының құдіретімен дүниеге келген адам баласы Табиғат-Ананың аясында күн көріп, өніп-өсіп еді.
Енді сол Анасын қорлап, зорлауды шығарды. Орманды, сексеуілді даланы өртеп, ойрандайды.
Сол сексеуілдің түбінде қырғауылдар ұя салып, жұмыртқалап, балапан бастырады.
Темірқанат балапан әлі ұша алмайды. Ана-қырғауыл оларды бауырына басып жатады. Имансыз әлдекімдер сексеуілді даланы өртеп кетеді.
Балапан басып жатқан қырғауылға өрт жақындап қалады. Орасан қызу жан-жағын шарпи бастайды. Қырғауыл әлдекімді көмекке шақырғандай, жанұшыра қақылықтайды. Қоразы күйіп жатқан мекиенінің үстіне төніп, тұмсығынан су тамшылатып тұрғанда, қанаты күйіп, құлап түсті.
Қырғауылдың мекиені – асыл Ана балапандарын оттан қорғаймын деп отқа оранды.
Ұрпақ үшін жаралған пәруаналар!
Бірақ жалмауыз от аямайды.
Бір кем дүние.

«Алтын жүректің иегері»

«Айқын» атты газет «Жиырма төрт жылдың ішінде жиырма төрт баланы дүниеге әкелдім» деген үлкен сұхбат жариялады (15 ақпан, 2008 ж).
«Баланы жоспарлау» дегенді қайдан шығарғандарын білмеймін», — дейді «Алтын жүректі» Ана Камаш Сейітжанова.
Бала тууды тұншықтырып, біреуден асырмау, жарасса, Қытай сияқты миллиардтаған халқы бар елдерге жарасатын шығар.
Ал біз қазақтар, неменеге жетісіп бала тууды қолдан шектейміз?! Жер жетпей жатыр ма? «Қой егіз тапса, шөптің басы айыр шығады» дейді даналар.
Қазақ баланы көптігінен асырай алмай, алақан жайып қайыр сұрап жүрген жоқ бұл заманда.
«Бала тууды жоспарлау» дегенді шығарып жүргендер — табиғат заңына, Құдайдың құдіретіне қарсылар.
Ондай «белсенділер» түптің түбінде Жаратқан Құдіреттің қаһарына ұшырайды.
Одан да Камаш Сейітжанова сынды «Алтын жүректі» Ананың асыл сөзіне құлақ түргендер мұратқа жетеді:
«Бала туыңдар!
Қазақтың санын көбейтіңдер! Сонда ұдайы жасарып жүресіңдер!» — деді ғой «Алтын жүрек» Ана.
Құлақ асқан қор болмайды.
Құлақ аспаса, сол жаман.
Бір кем дүние.

Әдебиет жас таңдамайды

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында бір жиналыста Ғабит Мүсірепов былай деді:
– Соңғы он жылда әдебиетті екіге бөлу әрекеті шықты: шалдар, жастар деген. Әдебиет – орман. Қайыңы да, емені де бар. Жел тұрса, құлайтыны да бар.
Содан бері де ширек ғасырдан астам уақыт өтті. «Шалдар», «жастар» деп әдебиетті екіге бөлу өрши түскен сыңайлы.
Бірақ өмірдің өзі көрсетіп келе жатқандай, әдебиет жас таңдамайтынын дәлелдеп келеді.
Сол Ғабит Мүсіреповтің өзі сексеннен асқанда «Ұлпанды», «Жат қолындағыны» жазды. Тахауи Ахтанов алпысқа таянғанда «Антты», «Шырағың сөнбесінді», Әбдіжәміл Нұрпейісов «Соңғы парыз» романын тәма мдады.
Әдебиетке «шалдар», «жастар» деп шекара қою қолайсыз болар.
Әдебиет арбасына екеуі де жегіледі.
Бөліп-жару – бір кем дүние.

Мәңгі, мәңгі…

Осы аса қымбат, аса қасиетті сөзді кейбіреулер жөн-жосықсыз, орынсыз қолдана береді.
Бір әдемі әуенде:
Таңғы елес, таңғы елес,
Бұл өмірде ештеңе де
Мәңгі емес… –
делінеді. Шындық осы.
Бір Алладан басқа мәңгі ешнәрсе жоқ.
Ұлы Абай айтқан: «Бір Алладан басқаның бәрі өзгермек».
Бір кезде Ленинді, Сталинді мәңгі-мәңгі жасайды деп қоғадай жапырыла мадақтадық.
Енді ескерткіштерін талқандап, құлатып тастадық.
Мәңгі өлмейтін тек Жаратқан Құдірет, Жасаған Ием!
Мәңгілік деген Күн де бір заманда сөнбекші.
Бір кем дүние.

Алақандай аралда…

Өздерінің алақандай аралын жапондықтар «Ұлы Жапония» деп атайды. Бесіктегі балаларына дейін осы ұғымды олардың миына құйып өсіреді.
Ал Жапониядай талай мемлекет сыйып кететін Қазақстанды «Ұлы Қазақстан» деп атап, мақтана аламыз ба?
Жазушы Ғабит Мүсірепов айтқандай, «біз жиылсақ – көппіз, жайылсақ – жоқпыз» ғой.
Қасиетті кітапта «адамдарды шашырататын мезгіл бар, жинап алатын мезгіл бар» деп жазылған.
Біздің қазақты тағдыр талай рет шашыратты: жойқын соғыстар, отаршыл қорлықтар, қолдан жасалған ашаршылық (геноцид), т.б.
Енді, Алла қолдаса, шашылғанды жинайтын, қирағанды жаңартатын, қисайғанды түзететін кезең келді. Ол үшін өсім керек. Бірақ өсім аз.
Бір кем дүние.

Өгей жандар

«Өзге ұлттың орыстанған өкілдері шовинистікке келгенде орыстардың өзінен асып түседі» (Ленин).
«Қазақша сөйлемейтін қазақтар – анасын буындырып өлтіргендер». (Жабал Ерғалиев, «Көкшетау» газетінің бас редакторы)
Ұят-ай!
TV-дан бір журналист:
Елу жылда – ел жаңа,
Қырық жылда – қазан, –
деп соқты. Масқара! (26. 12. 2007ж.)

Поделиться ссылкой: