Қос ауылдық округтің тұрғындарымен кездесті

143 Views

Сәрсенбі күні аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Ерғазы Еспенов бекітілген кестеге сәйкес, Қорағаты және Ақбұлақ ауылдық округтерінің халқымен кездесті. Әуелгі кездесу Қорағаты ауылында өтті. Қорағаты ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесуде Ерғазы Жұмабекұлы аудан аумағында атқарылып жатқан толайым тірліктерді жіпке тізіп айтып берді. Баяндамадан ұққанымыз, алдағы жылдарда Қорағаты ауылының өрісі кеңейіп, тыныс-тіршілігі артады.  Мәселен, келер жылы Қорағаты стан­циясына 10 келушіге арналған ФАП салу бойынша жобалық-сметалық құжат әзірлеуге биыл аудандық бюд­жеттен 5,5 миллион теңге бөлінген. Ал, биыл Сейдуалы көшесіне жарық орна­туға 1,3 миллион теңге, осы көшенің жолын жөндеуге 7,1 миллион теңге, сондай-ақ, Құрманғазы және М.Әуезов көшелерінің жолын жөндеуге 8,5 және 7,1 миллион теңге, ауылдағы ауыз су жүйелерінің құбырларына, тесілген, жарылған жерлерін бекіту жұмыстарын жүргізуге 500 мың теңге қаражат бө­лінді.
Ерғазы Жұмабекұлы өз сөзінде 2023-2027 жылдарға арналған жоспар әзірлен­генін, сол жоспарда Қорағатыға жаңа мәдениет үйі мен спорт кешенін салу, мектепке күрделі жөндеу жұмыс­тарын жүргізу, өрт сөндіру пунктін ашу секілді мәселелердің барлығы тізімде бар екенін айтты. Аудандық атқарушы биліктің жүйелі жоспарына қаныққан қорағатылықтар ауқымды жұмыстардың кезең-кезіңімен шешілетіне дән риза болды.
Содан соң дәл осындай кездесу Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Қызылшаруа ауылында өтті. Мұнда да Ерғазы Жұмабекұлы ауданда атқа­рылып жатқан ілкімді істерді баяндап берді. №3 шағын орталықты орта мектептің акт залында өткен кездесуде қызылшаруалықтар мәдениет үйінің мәселесін көтерді. Ерғазы Еспенов Қызылшаруа ауылына 90 емес, 140 орындық мәдениет үйін салу көздел­генін, сол бойынша қазіргі таңда тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтты ауыл тұрғындарына.
Жалпы, биыл Ақбұлақ ауылдық округіне бюджеттен 130,1 миллион теңге қарастырылған екен. Р.Сәб­денов ауылында салынып жатқан дене­шынықтыру-сауықтыру кешенінің құры­лысына 115 миллион теңге, Р.Сәбденов ауылындағы Аққайнар көше­­сіне жарық орнатуға 3,6 мил­лион теңге, ауылдағы саябақты абаттан­дыру жұмыстарына 3,1 миллион теңге, ауылдағы мектептің алдына жылдамдық тежегіш орнатуға 500 мың теңге, Қызылшаруа ауылындағы М.Көшкіншиев, У.Мырзалиев көше­леріне жарық орнатуға 3,6 және 2,5 миллион теңге қарастырылса, Қызыл­шаруа және Бәйтелі ауылда­рындағы су құбыры желілерін жыл бойына жөндеу жұмыстарына 1 миллион теңге бөлінген екен. Бұл ауылда да көп сұрақ қойыла қойған жоқ. Өйткені, газ бар, ауыз су бар, мектеп күрделі жөндеуден өткен. Көшелерге жыл сайын асфальт төселіп, жарықшамдар да орнатылуда.
Екі ауылдық округте де Ерғазы Жұмабекұлы тұрғындарды жеке сұрақтарымен де қабылдап, қойылған сауалдарға нақты мысалдармен жауап берді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: