289 Views
Мемлекет басшысы бекіткен № 826-шы Жарлыққа сәйкес, сәрсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Ерғазы Еспенов Қайыңды және Тереңөзек ауылдық округінің халқымен кездесті. Ең әуелгі кездесу Қайыңды ауылында өтті. Ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесуде алдымен Ерғазы Жұмабекұлы аудан аумағында атқарылып жатқан толайым тірліктерді баяндап берді. Қайыңды ауылында газ бар, ауыз су бар. Биыл Ақыртөбе –Тереңөзек–Қайыңды бағытындағы жолға асфальт төселді. Рас, ауылдық округке қарасты Мамайқайыңды және Сөгеті елді мекендерінде ауыз судан проблема бар. Ол мәселе аудандық атқарушы билік өкілдерінің назарында. Келер жылы бұйыртса, бұл қос елді мекеннің тұрғындары сапалы ауыз суды пайдаланады. Биыл да Қайыңды ауылында бірқатар игі істер атқарылған екен. Мәселен, биыл Қайыңды ауылындағы М.Мәметова көшесінің жолын орташа жөндеуге – 20,9, 1200 метрді құрайтын Дәулет көшесіне орташа асфальт төсеу жұмыстарына – 38,9 миллион теңге, ал «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша ауылдағы орталық саябақты қоршау жұмыстарына – 1,6 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылған екен.
Ауыз судың мәселесін жазып өттік жаңа. Алдағы жылдары өзге ауылдардағыдай бұл ауылда да жаңа спорт кешенін салу жоспарда бар. Оны аудан әкімінің орынбасары Ерғазы Жұмабекұлы кездесу барысында айтты. Тұрғындар шынайы әрі дәйекті ақпаратқа қанықты деген ойдамыз.
Бұдан соң дәл осындай кездесу Тереңөзек ауылында жалғасын тапты. Тереңөзекте де ауыз судан, газдан проблема жоқ. Балабақша да бар. Ауылдық мәдениет үйі де жоқ емес, бар. Басты проблеманың бірі ауылға баратын жолдың «қырық жамау тесігі» болатын. Көзімізбен көрдік. Қазір Тереңөзекке апарар асфальт жол тақтадай тегіс.
Тереңөзек ауылдық округінде де Ерғазы Жұмабекұлы ауданда атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын ауқымды жұмыстарды қағазға қарамай-ақ жіпке тізіп шықты. Тұрғындар көп сұрақ қойып, аудан әкімі орынбасарының дегбірін қашырған жоқ. Енді Тереңөзек ауылында көп мәселенің түйіні шешілген. Тек, Тереңөзек ауылдық округіне қарасты Шолаққайыңды елді мекеніне газ тарту жұмыстары алдағы жылдардың еншісіндегі шаруа еді. Аудан әкімінің іскерлігінің арқасында бұл шаруа биыл лезде шешімін тауып, биылдан бастап шолаққайыңдылықтар көгілдір отынның рахатын көретін болады. Енді «Тереңөзек ауылының тұрғындары ауылға спорт кешені салынса?» дейді. Ол мәселе де аудандық атқарушы билік өкілдерінің назарында. Ең бастысы, жоспар бар. Сол жоспар бойынша барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Марат Диханбай.
Поделиться ссылкой: