Құланнан іздегенің табылады
Селдейін өз ағысын бұра алмаған,
Заман өтті талай бұраңдаған.
Дамыған сегізінші ғасырларда,
Қазіргі Құлан ауылы – Құлан қалам.
Батса да талай Ердің басы мұңға,
Өрбіткен жаманы мен асылын да.
Түріктің түп атасы дәл Құланда,
Жатуы әруақ боп жасырын ба?!
Күресіп тау көтермес қасіретпен,
Зергер ой, шорт мінезді жасын өткен.
Жасырып қара жердің құшағына,
Сыры мол талай-талай ғасыр өткен.
Көбейсе де дау-дамай, өскен егес,
Ел-жұртым желдей ауып көшкен емес.
Қиратса да Шыңғысхан әмірі өктем,
Құлан бірақ тарихтан өшкен емес.
Алаулаған отты жыр, ойында аңыз,
Түлеп өстік Жібек жолы бойында біз.
Ақын-жыршы, күйші мен батырлардың,
Әнші, ғалым барын да мойындаңыз.
Байлығы бар пара-пар сесті елменен,
Біз бүгін кем емеспіз еш пендеден.
Ән-жырдың думанымен шалқып-тасып,
Халқым бар қиындыққа дес бермеген.
Ермахан мен Исламдай жүректі Ерді,
Киелі Құлан жері түлеткен-ді.
Бар әлемге танытты қос қыраным,
Жиырмасыншы ғасырлық ұлы өткелді.
Бір сыр айтам уа халқым қара мұнда,
ІІІаң ойнатқан ай тұяқ табанында.
О бастан-ақ Көкдөнен болған мәлім,
Жауды қуған Абылай заманында.
Жаңғыртқан Ілияс ақын Құлагерін,
Ұмытпан Көгершіннің құла белін.
Биші де дүлділ Абсент тұқымының,
Қасиетін паш етіп ұғады елім.
Кәріпжан НҮСІП.
Киелі менің – Құланым
Сұлутөр таудың етегі,
Махалла шаһар кешегі.
Шаншар хан салған қамалды,
Сәулетті қала деседі.
Киелі менің – Құланым,
Қонысы жайлы тұрағым.
Тәбәрік болсын өзіңе,
Бәсіре баулы бұл әнім.
Шөлдеп бір сусын сұрадым,
Шәрбәт қой кәусар бұлағың.
Мың кісі келіп, бір күнде,
Мың кісі кеткен Құланым.
Бесігім бала кездегі,
Ай қала аспан, жердегі.
Алысқа ұзап кетсем де,
Түсімде көрем мен сені.
Жасарған жаңа Құланым,
Сөнбесін мәңгі шырағың.
Жерұйық іздеп қайтемін,
Жұмақтай жерде тұрамын.
Сейсен ҚОЖЕКЕ,
Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері.