«БОЛТАЙ ҰЛАНДАРЫ» КОМАНДАСЫ ЖЕҢІМПАЗ ДЕП ТАНЫЛДЫ

157 Views

Қазіргі таңда елімізде рейтингісі өте жоғары бағдарламалардың бірі – «Жайдарман» ойындары екеніне ешкім дау айта қоймас. Жастар көп көретін веб-сериалдардың да сценариін жайдарманшылар жазады. Сондықтан да қазіргі күні жастарымыздың «Жайдарман» ойындарына деген құрметі ерек­ше. Оны жақында аудандық Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәде­ниет үйінде өткен «Жайдарман» ойынының ақтық кезеңінен де байқадық.
Жалпы, ауданымызда «Жай­дарманға» деген ықыластың ерекше екенін жаздық. Қайбір жыл­дары тіпті, ауданымыздың жас жайдарманшылары облыс, респуб­ликалық сайыстарда атой салғаны бар. Оны біз газетке де жазғанбыз. Атқарушы биліктен қолдау болса, жас жайдарманшыларымыздың талабы зор негізі. Осыны түсінетін шенеунік болса, тіпті қатып кетер еді.
Ауданда «Жайдарман» ойын­дары жыл сайын өтеді. Оны ұйым­дастырып жүрген аудандық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік меке­месінің қызметкерлері. Олардың да көксегені – біреу. Аудан жастары «Бос уақытын тиімді пайдаланып, шығармашылықпен айналысса» деген ой ғана мекеме қызметкерлерінің бар ойлағаны. Тегінде, ол – дұрыс. Сондықтан оған қолдау көрсету керек. Біз ойын басталмай тұрып, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының орынбасары Әбіләшім Мырқасымовтан блиц-сауал алған едік. Оның жауабы төмендегідей болды.
«Бүгін міне, ақтық кезеңге де тая­дық. Маусымашар ойын­дарынан бастап көрген болсаңыз, көптеген қызықты әзілдер болғанын байқадыңыз деп ойлаймын. «Жай­дарман» өткізудегі басты мақса­тымыз – тек арзан күлкі емес. Басты мақсатымыз – аймақта жас­тар саясатын жүзеге асырып, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту. Жастарымыздың бір-бірімен дос­тық қарым-қатынасын нығайту. Біз әрқашан талабы зор жастарды қолдауға әзірміз» деп жауап қайырды.
Сонымен Мэлс Өзбеков атын­дағы аудандық мәдениет үйінде өткен «Жайдарман» ойынының ақтық кезеңінде 6 команда өнер көр­сетті. Олар: «Ауылдың қара домалақтары», «Болтай ұландары», «Бөкей­хан лидерс», «Қанағат», «Он бір мысық, бір пысық» және «Гугл» командалары. Сайыс 2 кезең бойынша өрбіді. Алғашқы кезең әдеттегідей «Сәлемдесу», екінші ке­зең «Үй тапсырмасы». «Үй тапсырмасының» тақырыбы – «Біз бақытты жастармыз!» деп аталды. Не керек, ақтық кезең өте тартысқа толы болды. Қағытпа әзіл де айтылып жатты. Ең бастысы, залға «өз еркімен келетін» жастардың қарасы көп. Соған қатты қуанасың.
Тартысқа толы өткен «Жайдарман» ойынының қорытынды кезеңінде қазылар алқасының шешімімен жүлделі үшінші орынды Райымбек Смайлов атындағы орта мектептің «Ауылдың қара домалақтары» командасы еншілесе, жүлделі екін­ші орын Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің «Бөкейхан лидерс» командасына бұйырды. Ал жүлделі бірінші орынды Болтай батыр атындағы орта мектептің «Бол­тай ұландары» командасы жеңіп алды. Сайыс соңында жүлдегер әрі жеңімпаз атанған командаларға арнайы дипломмен қоса, бағалы сый­лықтар табыс етілді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: