Жас балуандар нәтиже көрсете бастады

140 Views

Естеріңізде болса, осыдан бірер ай бұрын Жақсылық ауылындағы ескі дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде сол ғимарат спорт мектебіне айналғандығы жөнінде мақала жазғанбыз. Қазір бұл спорт ғимаратында еркін күрес және қол күресінен балалар мен жасөспірімдерді Еркебұлан Батырханов пен Құлан Мамыков жаттықтырып жатыр. Жақында Жақсылық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Тұрманбетов редакциямызға хабарласып, қуанышты жаңалығымен бөлісті. Ашылғанына небәрі екі ай болса да, Еркебұлан Батырханов жаттықтыратын жасөспірімдер нәтиже көрсете бастапты. Жаттықтырушы Еркебұланның шәкірттері Алматы облысы, Қарасай ауданы, Кемертоған ауылында еркін күрестен өткен «Қарқаралы кубогы – 2023» атты республикалық жарысынан жүлдемен оралыпты. Айта кетейік, бұл жарысқа Жетісу және Жамбыл облыстарынан да балуандар келіп, бақ сынаған екен.
Сонымен «Қарқаралы» спорт кешенінде 2013 пен 2016 жылы туылған жасөспірімдер арасында өткен республикалық жарыста 28 келі салмақ дәрежесінде күрескен Нұрасыл Жолдас жүлделі I орынды иеленсе, 26 келі салмақ дәрежесінде Бекзат Ардақұлы жүлделі II орынды қанжығасына байлап қайтыпты. 24 келі салмақ дәрежесінде күрескен Алмат Мұстафа мен Омар Жолдас та аталмыш жарыстан олжасыз қайтпай, жүлделі III орынға ие болыпты. Біз бұл жаңалыққа қатты қуандық. Себебі, аталмыш спорт мектебінің ашылғанына небәрі 2 айдың ғана жүзі болды. Нәтижесін көріп отырсыздар. Алдағы уақытта Еркебұлан Батырхановтың шәкірттері көптеген жарыстарда ауданымыздың даңқын асқақтатады деп сенеміз.

Поделиться ссылкой: