Аружан –үздік тәлімгер

29 Views

Өткен жұмада Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Үздік тәлімгер – 2024» тәлімгерлік ше­бер­лік байқауы өтті. Аталмыш байқауды аудандық білім бөлімі мен аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығы ұйым­дастырды. Бай­қау­дың мақсаты – тәлімгерлердің кәсіби шеберлігінің дең­гейін көтеру, сондай-ақ, тәлімгерлердің шығар­машылық, жаңа­шыл­дық жақтарын анықтау және заманауи тәлімгерлік тәжірибелерді тарату және «Жас Ұлан» ұйымы жұмысын кеңінен наси­хаттау.
Байқауға аудан мектептерінен 18, яғни Алғабас, Абай, М.Горький, Бірлес, Қ.Сәтбаев, Болтай батыр, № 1 лицей, Малдыбай, Ә.Бөкейханов, Б.Момышұлы, М.Әуезов, Ш.Уәлиханов, Қорағаты, А.Шынасілов, Қ.Сұлтанбеков, Құлан мектеп гимназиясы, № 2 және №3 шағын орталықты орта мектептің тәлімгерлері бақ сынады. Байқауға аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры Айдар Жұмағұлов, Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұлт аспаптар бөлімінің меңгерушісі, домбыра сыныбының оқытушысы Перизат Үмбетова және аудандық «Жас Ұлан» ұйымының үйлестірушісі Эльзат Тілеубаева қазылық етті. Байқауға қатысушы тәлімгерлер жауапкершілікті сезініп, тыңғылықты дайындалған екен.
Нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Құмарық ауылындағы Болтай батыр атындағы орта мектептің тәлімгері Аружан Көпжасарова жеңіп алды. Осылайша, байқаудың аудандық кезеңінде топ жарған Аружан Көпжасарова осы сайыстың облыстық кезеңіне жолдама еншілеп алды. Байқауға қатысқан өзге де тәлімгерлер жүлдесіз қайтқан жоқ. Нақтырақ жазсақ, жүлделі бірінші орынды М.Горький атындағы орта мектептің тәлімгері Балжан Отарбаева, жүлделі екінші орынды Құлан мектеп гимназиясының тәлімгері Балауса Берікова мен Малдыбай орта мектебінің тәлімгері Қарлығаш Ахмедуллаева, жүлделі үшінші орын үшеу болды, оның бірін М.Әуезов атындағы тірек мектептің тәлімгері Гүлмайдан Рысжанова, екіншісін Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің тәлімгері Зарина Орынбай, үшіншісін Қорағаты орта мектебінің тәлімгері Гүлжазира Бақтыбаева иеленді.
Ал, Бірлес орта мектебінің тәлімгері Жадыра Жақсылықова «Өнерлі тәлімгер», Айтқұл Шынасілов атындағы орта мектептің тәлімгері Еңлік Әбдікерім «Шығармашыл тәлімгер», №3 шағын орталықты орта мектебінің тәлімгері Бақыткүл Сәрсенбаева «Көрермендер көзайымы», Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің тәлімгері Айсұлу Есбергенова «Жаңашыл тәлімгер», № 1 лицей мектебінің тәлімгері Ұлбосын Қыдырова «Білікті тәлімгер», Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектептің тәлімгері Арайлым Әліке «Ізденімпаз тәлімгер» номинациясына ие болды.
Байқауға қатысқан барлық тәлімгерлерге аудандық білім бөлімінің алғыс хаты табыс етілді.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: