Өмірдің өзі – театр

330 Views

Театр – мәдени ошақ. Сахнада дайын драматургияны қойып беру емес, ондағы оқиғалардың неге олай болғаны жайында ойлану. Көрермендерге әрдайым дұрыс жол көрсету. Ойнатып та, ойландырып та тәрбие беретін тектілік мекені.

Театр – адамның рухани серігі немесе Григорий Ревзин айтқандай: «Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын. Театрда адам көзімен көріп, жүрегімен сезіп, өзі ойлана келе ой түйіндейді. Сондықтан да әркім өз қалағанын табады. Кино мен театрдың айырмашылығы да осында. Театрда біз көреміз, ал кинода көрсетеді. Кинода біз режиссер ойымен үнсіз ғана келісіп отырсақ, театрда әркім өзіне пайдалы шешімге келеді. Сондықтан да біз театрдан рухани азық аламыз. Қазақстанда бір-екі жыл­дықта театрға бару белең алып келеді. Түсінген адамға бұл көңіл қуантарлық жағдай. Себебі, театр ұлт мәдениетінің айнасы. Егер қазақ театры ақсаңдар болса, мәдениетіміздің кем-кетігі сол болар еді. Өйткені, қазақтың тарихын, әдебиетін, мәдениетін әлемге танытар дүние – театр. Ілім іздеп келген адам үшін театрдан асқан өнер ордасы жоқ. Театрға білемін, көремін деп келу қажет. Алайда, театрға қызық қуып, суретке түсуге келетіндер де бар екен. Театр қызық қуар жер емес. Егер уақытыңызды қызықты өткізгіңіз кел­се, көңіл көтеретін жерлер көп. Өзін-өзі түсінуге, рухани дамуға, дұрыс жолды табуға, білім іздеп келген адамға театр есігі әрдайым ашық. Театр – шығармашыл адамдардың өзіндік құндылығы бар мекен. Жүсіпбек Айтмауытов айтқандай: «Театр деген нәрсе ермек емес, ол – үлгі, ол – тәрбие, өнер орны». Шындық пен жалғанның аражігін көрсетер жер.
27-ші наурыз «Халықаралық театр күніне» орай, Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» атты кеш өтті. Кеш шымылдығы әсем әнмен ашылды. Ары қарай Бексұлтан Жакеевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай» спектаклі қойылды. Спектакль жоғары деңгейде көрсетілді. Көрерменнің басты назарын әртістер өздеріне аударта білді. Әрбір көрермен қойылымды жүрекпен сезініп, түй­сік­пен түсіне білді. Тіпті, көз жасына ерік бергендердің де болғанын жасыр­май­мын. Спектакль әрбір адам үшін, мейлі жас бала болсын, мейлі қарт кісі болсын өмір­дегі әке рөлін асқақтатып көрсете біл­ді. Кеш қонақтарының барлығы бір сәтке өзге әлемге кіріп кеткендей залда ты­ныштық орнады. Жүрек түпкіріне тығы­лып жатқан әке махаббатымен қатар әке өкініші де көрініс тапты. Бойымызды дір еткізіп, әрбіріміздің әкеге деген махаббатымызды, алғысымызды күшейте түсті. Ауданымызда осындай таланттардың бары шынайы қуантады. Мереке концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Нұрай Мұхит,
өндірістік іс-тәжірибеден өтіп жүрген оқушы.

Поделиться ссылкой: