Сақтандырылмаған болсаңыз, Сақтандырылыңыз…

151 Views

Өткен жұмада облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұсабаев Ерік Тілләбекұлы және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиал басшысының орынбасары Аймағанбетова Ғайни Төленқызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша ақпараттандыру жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында ауданымызға келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен келелі жиынға ауыл әкімдері, білім, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, есепшілер, статистер, әлеуметтік қамсыздандыру саласының өкілдері мен журналистер де қатысты.Жиында МӘМС жүйесіне енген өзгерістер мен жарнаға қатысты ақпараттық жұмыстар түсіндіріліп, кепілдендірілген медициналық көмек жөнінде толық ақпарат берілді. Өз сөздерінде ауданымызға арнайы келген Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Тілләбекұлы және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиал басшысының орынбасары Ғайни Төленқызы да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тиімділігін айтып, ауданда әлі де болса сақтандырылмаған статусына ие адамдардың да бар екенін жеткізді.
Содан соң аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Шындос Мырзалиев МӘМС бойынша ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді. Бас дәрігердің сөзіне сенсек, аудан бойынша 2024 жылдың 1 қаңтарында сақтандырылмағандар саны – 13554 ( тұрғындардың 18,5%) болған, атқарылған жұмыстар нәти­жесінде 2024 жылдың 28 наурызында 10519 (тұрғындардың 17,5%) болып, сақтандырылмағандар саны – 3035-ке, (22,4%) азайған. Отбасы цифрлы картасы ақпараттық жүйесі бойынша А (жағдайы жақсы) санаты – 639, В (қанағаттанарлық деңгейде) санаты – 2658, С ( қанағаттанарлық емес ) санаты – 3702, Д (дағдарыстық деңгейде) санатында – 3090, Е (шұғыл көмек қажет ететін деңгей) санатында – 1003 адам бар. Бүгінгі күнге дейін 9100 аулаға аралау жұмыстары жүргізіліп, «Құлан медиа» ақпараттық орталығында тікелей эфирде 1 брифинг өткізілді. Әлеуметтік желіге 18 мәлімет салынып, ақпараттандыру топ мүшелері 5 елді мекенде болып, кездесу өткізді. Тұрғындарға 12390 парақша таратылып, 3914 жеке түсіндіру жұмыстары жүргізілген екен.

М. Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: